Өжет ықшам ауданының тұрғындары жолға зәру. Халықтың мұнда тұрып жатқанынына 20 жылдан асса да, мәселе шешілер емес. Жаңбыр жауған күндері үйден қарыс қадам аттап шығу мұң дейді Шалкөде көшесінің тұрғындары. Халықты бұдан бөлек, жарық, газ, су мәселесі де алаңдатады екен. Жауаптылардың 2 жылдан бері беріп келе жатқан уәдесінен әбден мезі болдық дейді. Өжеттіктердің базынасын Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке тыңдап келді.
Жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға жергілікті мекеннің 30 шақты тұрғыны жиналды. 98 жылдан бері Шалкөде көшесінде жол, жарық, газ, су мәселесі еш шешілген емес деп қынжылады олар. Тіпті, көгілдір отынды жергілікті тұрғындар өз қаражатына қостырыпты. Асфальт төсеуге жинаған ақшасы да көкке ұшқан. Өйткені тегістеп қойған жолдарын кәріз жүйесі мен су құбырын жүргіземіз деп қопарып кетіпті.
«2 айға жетер-жетпестен асфальтты бұзып, кәріз желісі мен су құбырын жүргіземіз деді. Су құбырын жүргізіп жатқалы, міне, 2 жыл болды. Әлі ол аяқталып бітпеген шаруа болды. Я су құбыры үйімізге кірмейді. Канализация да тоқтатылып қалды жарты жылдан бері. Бұлардың бәрі бізге жасаймыз деп уәде беріп келе жатыр. 2018 жылдан бері уәдені күтіп жүрміз», – деді Алатау ауданының тұрғыны Ләйлә Ысқақова.
Өжет шағын ықшам ауданының Шалкөде-3 көшесіне 22 жылдан бері асфальт төселмеген. Жергілікті тұрғындар әбден жауыр болған мәселені жауаптыларға айта-айта шаршадық дейді. Олар тіпті беті ашық жатқан мынадай құдықтарды өздері қаңылтырмен жауып қояды екен.
Аудан халқы мердігер компанияның қазып кеткен жерлерді қайта тегістемей кететініне наразылық білдірді. Тіпті, аулаға көлік кіріп шыға алмай қалды деп ашуланады. Қазып кеткен үңгірлерге бала-шағаның құлап кеткен кездері де болыпты. Ал жергілікті биліктен мәселені шешіп беруді сұраса, сіздер жоспарда жоқсыздар дейді екен.
«Асфальт төселінбейді, өйткені сіздер генпланда жоқсыздар дейді. Сонда біз қалада тұрамыз ба, далада тұрамыз ба?! Келген қонақтардан ұяламыз біз, есіктің алдының бәрі шашылып жатады, балшық, топырақ. Балалар балабақша, мектепке бара алмайды. Білмеймін, қай ғасырда қалай өмір сүріп жатқанымызды...», – деді Алатау ауданының тұрғыны Оралбай Нұрманов.
Тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдаған жауапты өкіл қазір мұнда 41 шақырымға созылған су мен кәріз желісінің салынып жатқанын айтады. Бұл жұмыстар биылғы жылдың қараша айының соңында аяқталады. Ал жаңа жол құрылысы келер жылға жоспарланған.
«Аталған мәселе бойынша қалалық басқарма тарапынан жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалған. Ұзындығы 5 жарым шақырым жаңа жол құрылысы. Жаңа жол құрылысына жоба дайын. Қазір басқарма тарапынан мердігер мекемені анықтау үшін конкурстық жұмыстар жүріп жатыр. Жаңа жол құрылысын салу көктем айында басталады», – деді Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ертіс Бесіров.
Осылайша, Өжет ықшам аудынында биылғы жылы су мен кәріз желілерін орнату толық аяқталса, келесі жылы жол құрылысын бүтіндей бітіру жоспарланып отыр.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы