Тұрғындар автобустың қайтадан жүре бастағанына қуанышты
Шымкенттіктер қоғамдық көлікпен санитарлық талаптарды сақтаса ғана жүре алады. Көптен бері көліксіз қалған азаматтар автобустың қайтадан жүре бастағанына қуанышты. Ал жағымды жаңалық шыға салысымен, аялдамалар адамдарға лық толды.
Әдетте кондуктормен тіл табыса бермейтін жолаушылардың бүгінгі көңіл-күйі ерекше. Қай қайсысын сөзге тартсаңыз, қоғамдық көлікте санитарлық талаптың сақталғанын айта жөнелді.
«Бәрі жақсы. Адамдар бүгін аз. Карантин жайлап ашылып жатыр», - десті жолаушылар.
Ал автобус жүргізушілері жолаушыларды санап жатпағанын жеткізді. Аялдамадағылар қалауынша мініп, діттеген жеріне жетіп жатыр. Есесіне, кондуктор бетперде болуын міндеттеп, қайта-қайта ескертумен жүр. Одан бөлек, әр айналым соңында дезинфекция жасалып жатқанын айтты.
«Карл Маркс көшесінде жүргізеді. Көбінесе екі аялдамада, яғни теміржол вокзалы мен Карл Маркс көшесінде дезинфекция жүргізеді», - дейді кондуктор Алмат СЕЙТОВ.
Үшінші мегаполисте тіршілік қайта жанданды. Азаматтар сақтық шараларын сақтауға, карантиндік тәртіпке бағынуға еті үйренген. Қала көшелеріндегі қозғалыс қалпына келді. Таңсәріден жұмысқа кіріскен автопарктер 1047 автобусты жолға шығарыпты. Олар алдын ала бекітіліп берген ережені сақтайтын болады.
«Қоғамдық көліктерге таңғы сағат 7-00 ден кешкі 21-00 ге дейін қоғамдық көліктердің жұмысы санитарлық нормалардың барын сақтай отырып ашылатын болады», - деді қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол САДЫР.
Айта кетсек, шымкенттік қоғамдық көліктер 76 бағытта жолаушы тасымалдайды. Төтенше жағдайдан кейін қайта жұмысқа кіріскен сала басшылары автобус жүргізушілері мен кондукторлардың денсаулығын күнделікті тексеріп барып жолға шығарамыз дейді. Сондай-ақ, санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс.