Алматыда «Біз біргеміз» акциясы жалғасуда. Қайырымдылық шараға кәсіпкерлер де қолдан келгенше ат салысуда. Бүгін Жетісу ауданында кәсіпкер 50 отбасыға азық-түлік себетін табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жалпы ауданда жомарт жандар бас-аяғы 200 отбасыны бірінші қажетілікпен қамтып үлгерді. Әлеуметтік пакетте 10 түрлі тауар бар. Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтарға арнап, Нұр Отан партиясы 50 данадан медициналық бетперде табыстады. Тегін маска аудандағы 2400 отбасының қолына тиді.
«Жетісу аудандық Нұр Отан партиясымен бірігіп, «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясын жалғастыру мақсатында азық-түлік осы әкеліп жатқан жағдайым бар. Халыққа кішкене де болса көмегім тисін деймін. Рамазан айында жақсылық жасап, бәріміз жарысайық деп үндегім келеді. Қазір 50 отбасыға таратамыз», – деді кәсіпкер Айнұр ЖҰМАШ.
«Қоғамдық қабылдауға келіп түскен өтініштердің бірде-бірін қалдырмай, қазір соны қарап жатырмыз. Негізінен азық-түлік қажет. Соған байланысты ауданымыздың кәсіпкерлеріне көп рахмет айтамын! Бірде-бір өтінішін жерде қалдырмай, сұрағандарына азық-түлік жеткізіп жатырмыз», – деді Nur Оtan партиясының Жетісу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат ОМАРОВ.