Академик Рабиға Сыздық бірінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тілшілер мен әдебиетшілердің ортақ ғалымы саналатын Рабиға Сыздық бірінші дәрежелі «Барыс» орденінің иегері атанды. Көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, академик Рабиға Сыздық үшін бұл марапат таңсық емес. Осыған дейін ол үшінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған болатын. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, Президенттің көмекшісі Мәулен Әшімбаев пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Рабиға Сыздықты марапаттау үшін үйіне арнайы келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Рабиға Сәтіғалиқызының тіл тарихы, тіл мәдениеті, абайтану, орфография саласындағы еңбектері күні бүгінге дейін болашақ тіл мамандарын даярлауда қолданылып келеді. Академиктің «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Абай шығармаларының тілі», «Абайдың сөз өрнегі», «Сөздер сөйлейді», «Сөз сазы» атты кітаптары көптеген ғылыми еңбектерге негіз болған.

"Сіздің орфографияға қатысты зерттеулеріңізді бүгінде мамандар мәтін тексергенде  негізгі құрал ретінде ұстанады. Сондықтан сіздің еңбектеріңіз халқымызға, мемлекетімізге әлі қызмет етіп келеді, демек, сіз халыққа әлі қызмет етіп келе жатырсыз деп айтуға толық негіз бар", - деді ҚР Президентінің көмекшісі Мәулен ӘШІМБАЕВ.

"Сіздердің қауырт тірлік арасынан әдейі келіп, Президенттің сәлемін жеткізіп, бала күннен менің еңбектерімді білетіндеріңді айтып келгендерің төбемді көкке жеткізді, демек менің еңбегімді басқалар да біледі деген сөз ғой. Оған да балаша мәз болып отырмын. Мың да бір рахмет!", - деді филология ғылымдарының докторы, академик, І дәрежелі «БАРЫС» орденінің иегері Рабиға СЫЗДЫҚ.


Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар шығармаларының стилін зерттеп, бағалы еңбектер жазған академик биыл 95 жасқа толып отыр. Айта кетейік, Рабиға Сыздықтың бүгінде 130-дан астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 9 монографиясы, оқулығы мен оқу құралы бар. Есімі Қазақстан Республикасының Алтын кітабына енгізілген.

Азамат Әуезхан, Рашит Шүкірәлиев, "Алматы" телеарнасы

Новости партнеров