Ата өнері – балаға мұра. Алматыда балалар шығармашылығын дамытуға негізделген онлайн-байқау өз мәресіне жетті. 6 мамырда басталған сайыстың қорытындысында 26 жүлдегер анықталып, жеңімпаздар тізімі бүгін «Алматы ақшамы» және «Вечерний Алматы» газетінде және сайтта жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
3 кезеңге бөлінген онлайн-байқау карантин кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді өткізумен қатар, патриоттық санасын қалыптастыруға бағытталған. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында өткізілген бұл жарысқа жалпы орта білім беретін барлық ұйымдардың 100-ден аса оқушысы қатысып, әр түрлі номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Үміткерлер арасында 16 келі гір тасын көтеріп, өнерін көрсеткен Тоқтасын Пейіл бас жүлдені иеленген.
«Бұл жарысқа қатысуымның басты мақсаты – ұшқыш болу және батыр атану. Алдағы уақыттағы жоспарларым – осы мектепті бітіріп, Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектепке түсіп, елімді қорғау», – деді «Жас сарбаз» номинациясының жүлдегері, 9-сынып оқушысы Пейіл ТОҚТАСЫН.
Байқаудың негізгі мақсаты – баланың мәдениетін арттырып, ұлттық құндылықтарға ұқыпты қарауға дәріптеу, сондай-ақ, махаббат пен патриоттық сезімді қалыптастыру.
«Қазақтың ұлттық киімін киіп, «Ақсұрат» деген басты әнін таңдадық. Менің ең басты мақсатым – қазақтың қара домбырасын қолыма ұстап, менің ата-анамның және бүкіл халқымның үмітін ақтағым келеді», – деді «Дәстүрлі ән» номинациясының жеңімпазы Ислам ӘБІЛ.
«Мен Қазақстанның қандай кең байтақ және көрікті екенін көрсеткім келді. Қазақстан – бәріміздің ортақ үйіміз. Мен бас жүлдені жеңім аламын деп ойламадым, Қуаныштымын!», – деді «Қолөнер» номинациясының жеңімпазы Милана ТВЕРДОХЛЕБОВА.
«Тақырыптан ауытқымай өз өнерін көрсете білуі қажет» деген талапты барынша орындауға тырысқан білімгерлер арасынан «жүзден жүйрікті» анықтау қиынға соғыпты.
«Жүлдегерлер арасында 100-ден астам жұмыс болды. Осы әскери спорттық бағыт бойынша. Және де қыздар арасында қолөнер байқауы мен дәстүрлі ән сайысы да өтті. Ұлы Отан соғысының жеңісіне арналған эссе де жазылды. Қазылар алқасына өте қиын болды», – деді қазылар алқасының мүшесі Ғалым ҚОЖАМБИР.
Алдағы уақытта балалардың шығармашылық өнерін бағалаған еліміздің танымал өнер және мәдениет қайраткерлері жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыстайтын болады.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы