Елімізде ауыл шаруашылығы мамандары тапшы

29.02.2020 03:54

20 агроном, 114 механизатор, 3 мал дәрігері, 20 зоотехник ауадай қажет

tolqyn.kz

Елімізде ауыл шаруашылығы мамандары тапшы. «Олжа Агро» компаниясының бас директоры Айдарбек Хожаназаров сенаторларға аталған салада зейнеткерлер мен өздігінен білім алғандар жұмыс істеп жүргенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv

Ал жоғарғы оқу орнын тәмәмдағандардың біліктілігі өте төмен екенін жеткізді.  

«Бүгінгі таңда «Олжа Агро» компаниясында 270 бос жұмыс орны бар. Ал біз жұмыссыздық дейміз.  Бізге 20 агроном, 114 механизатор, 3 мал дәрігері, 20 зоотехник ауадай қажет. Қызметкерлердің тең жартысы – зейнеткерлер. Біз олардың кетпеуі үшін жалынамыз. Себебі жұмыс істейтін адам жоқ. Осы бір мәселені «Болашақ» бағдарламасы бойынша гранттарды жоспарлауда ескеру керек шығар», – дейді  «Олжа Агро» компаниясының бас директоры Айдарбек ХОДЖАНАЗАРОВ.

Айдарбек Хожаназаровтың айтуынша, бұл білім беру мен ғылыми базаның әлсіздігі салдарынан орын алуда. Агромамандықтарды қалаған факультеттеріне түскенде сәті тумағандар амалсыздан таңдайды. Ауыл шаруашылығы мамандықтарын тәмәмдағандардың 53 пайызы алғашқы жылы жұмысқа орналаса алмайды. Сол себептен өзге салаларда жұмыс істеуге мәжбүр.