Көмір тапшылығы: Қапшағай тұрғындары аязды күні жылусыз отыр

05.11.2021 20:16

Бәрінен бұрын қақаған қыс түскенде көпбалалы отбасылар мен қарттарға қиын соғып тұр

Almaty.tv

Қапшағайлық ағайын қытымыр аяз келгенде жылусыз отыруға мәжбүр. «Алтын алма» саяжайының тұрғындары қалада көмір тапшы дейді. Ал алыпсатарлар көмір бағасын аспандатып тастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Қапшағай қаласындағы «Алтын алма» кооперативінің тұрындары көптен бері көмірге қолы жетпей титықтап күн кешіп келеді. Қара отын келсе де бағасы шарықтап, қалтаны қағады дейді халық. Сондықтан үйді жылыту үшін қалдық жағуға тура келеді екен. Саяжай тұрғындары көмірдің жетпейтінін жауаптыларға талай айттық деп отыр.

«Біз қала әкімінің орынбасарына көмекке жүгіндік. Ол «Қапшағай маңындағы Заречный елдімекенінде көмір бар, кімге керек болса, сол қаржысын тауып әкелсін» деді. Бірақ бізге ол жақтан көмірді тасымалдау тиімсіз. Жеткізу 20 мың теңге болады», – деді Қапшағай қаласының тұрғыны Лилия Черказьянова.

«Қыркүйекте келген көмірді бәрі жаппай жүк көліктеріне тиеп алып кетті. Қарапайым халыққа ештеңе қалмады. Қазір біз бір қабын 1200 теңгеден алуға мәжбүрміз», – дейді тағы бір тұрғын Олег Видеман.

Бәрінен бұрын қақаған қыс түскенде көпбалалы отбасылар мен қарттарға қиын соғып тұр.

«Көмір қинайды. Биылға көмір жоқ. Көтерме сауда жасайтындар алып кетеді. Қай кезде келсек те көмір жоқ. Елдің бәрі қазір көмірсіз отыр. Аяқасты күн суығаннан кейін үй де суып кетті. Балаларым кішкентай», – деді көпбалалы ана Назым Бейсеева.

Көмір тапшылығы барын саудагерлер де жасырмайды. Көмірді қаптап сатып, нәпақа тауып отырғандардың өзі қара отынды итшілеп жүріп әрең аламыз дейді.

«Көмірді Заречныйдан тапсырыспен алдырамыз. Оның өзі - 22 мың. Жеткізуші әрең әкеп береді. Бір күн сатсақ, үш күн болмай қалады. Көмір жетпейді», – деді саудагер Құралай Ақжолова.

Айтса, айтқандай, қаладағы жалғыз көмір үлестіру орнында ештеңе жоқ. 

Ал жергілікті әкімдік Қапшағайда көмір жеткілікті дейді. Атқамінерлердің сөзінше, жұрт өздері алдын ала қамданбаған.

«Көршілес Кербұлақ пен Балқаш ауданында көмір алатын теміржол тұйықтары жоқ. Сол аудандар бізден, яғни Қапшағайдан алып, тұтынып отыр. Көмірдің жоқтығына осы себеп», – деді қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Табиғат Кенжеханов.

Әкімдіктегілер көмірдің ендігі легі, яғни 420 тоннасы бір аптадан кейін жеткізілетінін мәлімдеді. Ал бұқараның оған дейін амалын тауып күнелте тұруына тура келмек.

Назкен Еркін, Ануар Амангелдинов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы