«Жүрек жылуы»: Алматыда көпбалалы 300-ге жуық отбасыға азық-түлік үлестірілді

Almaty.tv
Almaty.tv
Дін қызметкерлері мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері бірлесе өткізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел басына түскен қиын күнде, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созғандар саны артып келеді. Бұл жолы Алматы қаласы Орталық мешітінің дін қызметкерлері мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері бірлесе отырып, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы 300-ге жуық отбасыға азық-түлік таратты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Жүрек жылуы» атты бұл қайырымдылық науқаны жақсылық жасауды әдетке айналдырған «Біз біргеміз» акциясы аясында бастау алған. Қайырымдылық шараға ат салысқан мешіт имамы әлсіз жандарға көмек көрсету әр мұсылманның парызы екенін еске салды.    

«Міне, осындай үлкен қайырымдық шарасын өткізіп жатырмыз. Әрине, мынандай карантин уақытта қайырымдылық шарасына көп балалы отбасыларды, мұқтаж отбасыларды мұнда жинамай, әрқайсысының үйіне бүгінгі қайырымдылық шарасының шеңберінде азық-түлік пакеттерін жеткізіп беретін боламыз. Бір хадисте пайғамбарымыз (с.а.с) «садақа, яғни, қайырымдылық – бәлені қайтарады» деп айқан», – деді қаланың бас имамы Еркінбек ШОҚАЙ.

Тұрғындарға таратылған азық-түлік себеті күнделікті тұрмыста қажетті: шай, ұн, жарма, макарон, күнбағыс майы, сондай-ақ, қант, тұз секілді өнімдермен толтырылды. Әрбір себетті тиесілі отбасыларға ұйымдастырушылар өздері жеткізіп, табыстаған болатын. Осылайша, шаһардағы әр түрлі ұйымдар бірлесіп, белсенді азаматтар қамқорлық көрсеткен игі істер карантин аяқталғанға дейін жалғасын таппақ. Ал, «Жүрек жылуы» жобасы алдағы уақытта Қазақстанның барлық аймағындағы мұқтаж жандарды қолдан келгенше азық-түлікпен қамтуды жоспарлап отыр.

«Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жағдайы төмен отбасыға және көпбалалы отбасыларға көмек. Өздеріңізге белгілі карантин жағдайында көп адам жұмыс орнынан айырылып жатыр. Азық-түлігі жоқ. Бүгінгі күні сол бірнеше отбасына көмек көрсетуге келіп отырмыз», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қалалық департаментінің бөлім басшысы Елнар ИГІЛІКОВ.

Новости партнеров