Бүгін 7 бағыт бойынша дара шыққандарды Президент құттықтады
«100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары анықталды. Осымен биыл 4-рет ұйымдастырылып отырған байқауға 3 мыңнан астам адамнан өтініш түскен. Оның ішінде 30 адам халықтың тарапынан көп дауыс жинап есімдері паш етілді. Бүгін 7 бағыт бойынша дара шыққандарды Президент құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл жүзден жүйрік шыққан, әр салада өздерінің өнерлерімен, еңбектерімен танылған жеңімпаздар. Қатарында вирусолог Қайсар Табынов та бар. Ол басқаратын Алматыдағы халықаралық вакцинология орталығының ғалымдары 10 түрлі вакцина дайындаған. Соның 7-еуі ветеринария саласы бойынша әзірленген. Соңғы уақытта ғаламдық проблемалардың біріне айналған - аллергияны емдейтін вакцина әзірлеу үстінде.
«Осы аллергияны емдейтін вакцина даярлау. Бұл жұмысқа біз тек өзіміз ғана емес, осы еліміздің бетке ұстар мықты дәрігерлер аллергологтарды тартып жатырмыз қазіргі таңда. Қазіргі таңда жақсы нәтиже алудамыз», – деді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Қайсар Табынов.
Ал, жиырмадан асқан Дамир Нүркежанов жас болса да Талдықорған қаласындағы future IT работатехника мектебінің негізін қалады. Бұл мектептің миссиясы – болашақта сұранысқа ие мықты IT мамандарын даярлау.
«Негізі дүниежүзілік экономика қорының зерттеуі бойынша болашақта 75 миллион адам жұмыстан айрылады деп болжап отыр. Яғни, оған себеп осы технологияның дамуы. Сондықтан да болашақта 130 миллионнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады және олардың басым көпшілігі осы IT саласымен байланысты болады», – деді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Дамир Нүркежанов.
Заманауи технологияның тағы бір тұлпары – Санжар Тайжан. Әлемге әйгілі Илон Масктың байқауында топ жарған қазақ баласы.
«Біз 4 жыл бойы Илон Маск деген турниріне қатыстық. Бірінші турнир ол Спасес Хайпер луп. Біз топ 35-ке кірдік. Жарыста 1600 команда болған. Ол бізде онлайн болды, біріншіден. Сосын мынау прототиптарын Англияда жасадық. Екінші турнир ол Warwick Boring деген. Сол арғы жақта біз финалға кірдік. Қазір сол финалдың ішінде басқа прототипті жасап жатырмыз», – деді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Санжар Тайжан.
Ал, журналист, оқытушы-ғалым алматылық Мадина Ашилова 200-ден астам ғылыми еңбегі болса да, білім және ақпарат саласында толайым табыстарға жетсе де, жоба жеңімпазы атанатынына сенбепті.
«Мен әлі күнге дейін сенбеймін өзімнің жеңімпаз болғанымды. 3 мыңға жуық адамның ішінде мен жеңімпаз боламын деген түсіме де кіріп шықпапты. Сол кезде мен отбасыма да, жұбайыма да, туыстарыма да қатысып жатқанымды айтқан жоқпын», – деді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Мадина Ашилова.
Жоба жеңімпаздарын мемлекет басшысы құттықтап, талантты, табанды жастардың қарым-қабілетін жоғары бағалады.
«Біз түрлі салада жетістікке жеткен осындай отандастарымыздың еңбегін дәріптеуіміз керек. Өйткені табысты жандардың тәжірибесі әрдайым басқаларға үлгі-өнеге. Өскелең ұрпақ өздеріңізге қарап бой түзейді, ұқсауға тырысады. Мен еліміздің әрбір перзенті сіздер сияқты өнегелі болсын деп тілеймін!» – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Биылғы «100» жаңа есімге» енген жеңімпаздар қатарында «Grammy» халықаралық сыйлығының иегері Иманбек Зейкенов те бар.Төрткүлдүние талантына таңдай қаққан Иманбекке Президент те мақтау айтты. Сонымен қатар, Нью-Йоркте қазақ радиосын ашқан алматылық азамат Данияр Қожан да дүлдүлдер қатарынан көрінді.