«Алматы Жастары» тұрғын үй бағдарламасының алғашқы нәтижесі белгілі болды

01.05.2021 04:25

Қатысуға ниет білдірген 10 мыңға жуық адамның тек 5 мың 931-і ғана барлық талаптарға сай келіп, өтініші қабылданған

«Алматы Жастары» тұрғын үй бағдарламасының алғашқы нәтижесі белгілі болды. Қатысуға ниет білдірген 10 мыңға жуық адамның тек 5 мың 931-і ғана барлық талаптарға сай келіп, өтініші қабылданған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның ішінде 1700-ден астамы денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, 2 мыңңнан астамы білім беру ұйымының қызметкерлері, 100-ден аса БАҚ өкілдері мен өзге де сала мамандары бар.

«Осы бағдарлама аясында осы жылы 1000 азаматтан кем емес Алматы жастарын үймен қамтамасыз ету жоспары бар. Жалпы бұл бағдарлама аясында кішігірім айта кететін болсақ, қарыздың ең жоғары сомасы 18 миллион теңгені құрайды. Пайыздық мөлшерлемесі 5 пайыз, бастапқы жарнасы 10 пайыз», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров.

Ендігі кезекте бағдарламаның екінші кезеңі басталады. Онда бағдарламаға қатысушының төлем қабілеттілігі тексеріледі. Онда несие тарихы мен ай сайынғы төлемақы өту мүмкіндігі қарастырылмақ.

«Қатысып жатқан салалардың қызметкерлері өздерінің жеке кабинетінде бағыттама алғаннан кейін 15 жұмыс күнінің ішінде банкке келіп, өзінің төлем қабілеттілігін дәлелдейді. Төлем қабілеттілігін дәлелдеу үшін ең негізгі құжат жеке куәлігі. Басқа табыс көзі туралы құжаттардың барлығы база бойынша алынады», – деді «Отбасы банк» АҚ қалалық филиалы директорының орынбасары Данагүл Түсіпова.

ГРАФИКА:

Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері - 1 716

Білім беру ұйымының қызметкерлері - 2 356

Мәдениет саласының қызметкерлері - 225

Спорт саласының қызметкерлері - 55

ЖОО және ҒЗИ қызметкерлері - 639

БАҚ өкілдері  - 111

Әлеуметтік сала қызметкерлері - 57

Құқық қорғау органдары қызметкерлері - 754