«Шынайы Ақберенмен» бағдарламасы үзілістен кейін көрерменге қайта жол тартты

«Шынайы Ақберенмен» бағдарламасы үзілістен кейін көрерменге қайта жол тартты
Жыл бойы көрермендер қазақ және орыс тілдерінде 14 бағдарламаны көре алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өткір сұрақ, бүкпесіз жауап. «Шынайы Ақберенмен» бағдарламасы үзілістен кейін көрерменге қайта жол тартпақ. Сыр-сұхбат форматындағы бағдарламада танымал өнер иелері, кәсіби мамандар сұрақтарға еш бүкпесіз әрі бұлтармасыз жауап береді. Тақырыпты жаңа маусымның алғашқы түсірліміне қатысып қайтқан Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай жалғастырсын.

Жыл бойы көрермендер қазақ және орыс тілдерінде 14 бағдарламаны көре алады. Өзекті тақырыптар, трендтер мен қоғамда белсенді талқыланып жатқан мәселелер редакияның жіті назарында.

Бағдарламаның Ақберен Елгезек үшін алатын орны ерек. Себебі бұл белгілі ақынның тележурналистика саласындағы алғашқы тәжірибесі болып отыр. Ол әр бағдарламаға ерекше дайындалып, барынша кейіпкердің ішкі жан дүниесін, толғанысын сыртқа шығаруға тырысатынын айтады.

«Бағдарлама жүргізем, сұхбат жасаймын деп ойлаған емеспін. Ондай жобалар ұсынған да емеспін. Сол себепті маған, әлбетте, ыстық. «Шынайы Ақберенмен» деп аты қойылды. Сондықтан сұхбатымыз шынайы өтеді. Барлық сұрақтарыма шақырған қонақтарымыз, кейіпкерлеріміз шынайы жауап беруге тырысып жатыр», – деді «Шынайы Ақберенмен» бағдарламасының жүргізушісі Ақберен Елгезек.

Жаңа маусымның алғашқы кейіпкері көпке белгілі айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов болды. Көсемсөзден алдына жан салмайтын өнер иесі төпелеп қойылған сұрақтарға да ұтымды жауап қайтарды.

«Жүргізушісі Ақберен ағамыз болғаннан кейін келдім. Өйткені сөздің қадірін білетін адам болғаннан кейін ол жерде орынсыз сұрақтар болмайды. Одан кейін жалған бір пафосқа құралған, мағынасыз, қоғамға еш берері жоқ сұрақтар болмайды деп бірінші жүргізушінің құрметіне келдім», – деді айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов

Бағдарламаны эфирден бөлек телеарнаның ресми сайтынан тамашалауға болады. Сондай-ақ, әр шығарылым Youtube парақшасына салынып отырады.

Сымбат Ноғай, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров