Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытындағы транзиттік дәлізінің құрылысы қашан аяқталады

Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытындағы транзиттік дәлізінің құрылысы қашан аяқталады
Ол туралы автомобиль жолдары комитетінің бас сарапшысы Нұртілек Хасенов айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытындағы транзиттік дәліз құрылысы 2023 жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Ол туралы автомобиль жолдары комитетінің бас сарапшысы Нұртілек Хасенов айтты. Оның сөзінше, 2017 жылы басталған жол құрылысына әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы кедергі келтіріпті. Алайда биыл жұмыстар қарқын алып, қажетті қаражат бөлінген. Әріптесім Асылбек Тойбек дәліздегі жұмыстар барысымен танысып, сапасын өз көзімен көріп қайтқан еді. Almaty.tv тілшісінің сюжетіне зер салайық.

Ақтөбе-Атырау бағытындағы республикалық жолдың біраз бөлігінің тозығы жетіп, сын көтермейтін еді. Діттеген жерге жету үшін жүргізушілердің әбден діңкесі құриды. 330 шақырымның басым бөлігі ойқы-шойқы.

Биыл бұл мәселе шешімін тауып, Ақтөбе мен Атырудың арасында 1-санаттағы жол құрылысы басталып кетті. Яғни, 4 жолақты ені 18 метр болатын тасжол салынады. Қазіргі таңда бұл жерде жер жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы жоба бойынша 2 көпір және 1 теміржол өткелі бой көтереді.

Бұл дәліздің алғашқы учаскесі – Ақтөбе-Қандыағаш бағыты. Мұнда Алға қаласының маңында 1-санаттағы айналма жол салынады. Аталған учаскенің құрылысы 2023 жылы аяқталады деп жоспарланған.

«Бұл жол айналма жол болады. Қалаға кірмейді. Транзиттік көліктер қалаға кіріп уақыттарын жоғалтпай осы айналма жолмен бірінші санаттағы жолмен тездетіп өтіп кетеді. Ол бір жағынан қаланың ішіндегі көліктердің азаюына, екінші жағынан жүргізушілердің уақыттарын үнемдеуге, қалада кептеліс болмауына әкеліп соғады», – деді «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» ақтөбе облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов.

Ал, дәл қазір біз Қандыағаш-Мақат учаскесінің Қандыағаш-Шұбар бөлігіндеміз. Бұл жерде жұмыстар аяқталуға жақын. Бар-жоғы 10 шақырымы қалған. Қазіргі таңда тасжолдың жоғары қабатын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда 100-ден астам техника мен 150-ден астам адам еңбек етіп жатыр.

Осылайша Қандыағаштан Атырауға дейінгі 219 шақырым биыл пайдалануға беріледі. Айта кетейік, осы аралықтағы жол 2-ші санатқа жатады. Яғни, ені 9 метр болады.

«Негізгі қарқынды жұмыстар жүріп жатырған Қандыағаш-Мақат жобасының қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 85-90%-і аяқталып келді. Енді қалған құрылыс жұмыстары - жол белгілерін қою, жолға таңбалау сияқты жұмыстар қалып отыр. Тағы да жолдың төменгі қабатының қалған жұмыстары бар, сол жұмыстар аяқталса, жылдың соңына дейін беріледі. «Жақсы» деген баға беруге болады. Жолдың құрылыс жұмыстарының қарқынына», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетінің өкілі Нұртілек Хасенов.

Жұмыстың қарқынына біздің де көңіліміз толды. Сапасын уақыт сынары сөзсіз. Көргеніміз -  әр учаскеде мердігер компаниялар жұмыстың жылдамдығын арттырған.  Тіпті кейбірі  екі ауысымды кестеге көшкен. Ал, қажетті құм, қиыршықтас жергілікті кен орындарынан жеткізілуде. Асфальт зауыттары да осы маңда орналасқан. Жалпы жол бойындағы сервисті жақсартуға да ден қойылған. Инвестициялық жобаларын жүзеге асыру үшін «Қазавтожол» ұлттық компаниясы кәсіпкерлерге жағдай жасауда.

Асылбек Тойбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» арнасы

Новости партнеров