Тараздық қарт ана немересін қамқорлығына ала алмай отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Жетімдер үйіне өтіп кетер деп үрейленген ол телеарнадан көмек сұрады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тараздық қарт ана немересіне жете алмай жылап жүр. Кәмиләш Ерханова есімді зейнеткер қызы қайтыс болған соң өзінен басқа ешкімі жоқ немересін қамқорына ала алмай 4 ай сандалғанын айтады. Ақыры жетімдер үйіне өтіп кетер деп үрейленген соң телеарнадан көмек сұрады. Аймақтағы Almaty.tv тілшісі Мерей Бает ақ жаулықтымен жолығып қайтқан еді.

Бұл – 68 жастағы ақ жаулықты Кәмиләш Ерханова. Тараз қаласының тұрғыны тағдырдың сынағын тартқаны аздай енді, бауыр еті баласынан туған немересін бауырына баса алмай қалам ба деп қауіптенеді. Себебі өз қызы 4 ай бұрын қаза тауып, артынан қалған баланы қамқорына алуға әрекет қылғанда, қиындық көбейді дейді. Құжаттар тізімін түгендеу кезінде, кеңестік кезеңде ажырасқан қырық жыл бұрынғы некесінің әлі сақталғанын айтылған. Сөйтіп, түрлі анықтамалар алып кел деп арлы-бері жүгірткен көрінеді.

«Бар жерге бардым. Нұр Отанға бардым көмек сұрап, әкімдікке бардым, сотқа бардым. Арқамнан қағып шығарып салады. Енді ажырасуға тура келіп, ажырасуға барсам небір анықтама сұрайды.  Ол 40 жыл өткен анықтаманы мен қайдан аламын? Мен ешкімнен ештеңе сұрап жатқан жоқпын, ешнәрсе талап етіп жатқан жоқпын. Өзімнің дүнием жетеді. Бірақ қамқорлығыма ала-алмай жатырмын ай болды сандалып жүргеніме. Жаяу жүрмін тіпті жолкүреме ақшам жоқ», – деді қала тұрғыны Кәмиләш Ерханова.

Қалалық білім бөліміне қарасты қамқоршылық кеңестің мамандары бұл мәселеден хабардар екенін айтты. Ақ жаулықты мұнда бір емес 3 рет қайрылғанын жеткізді. Бірақ барлығында құжаттары дұрыс болмаған деп мәлімет берді. Мекеме басшысының айтуынша, құжаттар Халыққа қызмет көрсету орталығымен жинақталып, осында жіберілетін көрінеді. Ал, ондағы мамандар қарияға дұрыс түсіндірмеген немесе мәселенің шешу жолын нұсқамаған болуы мүмкін дейді.

«ХҚКО  қызметкерлері құжаттары дұрыс болмаған соң айту керек еді. Осындай құжаттар жетпейді сол құжаттарды әкеліп беріңіз деп. Біз оған кеңес бердік. АХАЖ-ға некені бұзуға арыз беріп, құжатты алып келсеңіз, бізге бірінші алып келіп көрсетесіз», – деді Қалалық білім бөлімі бала құқығын және мүддесін қорғау секторының меңгерушісі Досымжан Жайлыбаев.

Жауаптылар мәселеге телеарна тілшілері араласқан соң ба әйтеуір бұл жұмысқа жауаптылықпен қарайтынын жеткізді. Ал, қарт ана мен немеренің қауышуы үшін, жауаптылар жұмысын біздің арна алдағы уақытта қадағалайтын болады.

Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Тараздан

Новости партнеров