Күнту Шерхан Тұрмаханбетұлы кеше түскі 14. 30-да «мектепке шақырып жатыр» деп шығып, содан қайта оралмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шерхан 2005 жылы 31 қазанда туған. 8 сынып оқушысының бойы 150 сантиметр, шашы қара, аяғында көк красовка, үстінде қара күртка, қолында қара түсті сөмкесі бар. Анасының сөзінше, Шерхан эпилепсиямен ауырады. Сондықтан, анасы балам бір жерде талып қалды ма деп қорқып отыр. Егер қандай да бір ақпарат білсеңіз немесе экранда көріп отырған баланы бір жерден байқап қалсаңыз міндетті түрде 102 нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз. Шерханның анасы баласының аман-есен табылатынына сенеді.
«Алдынан қызым шығыпты «қайда бара жатырсың?» десе, «мектеп шақырды» депті. Әкесі жұмыстан сұранып келді. Іздедік. Полицияға хабарластық. Мектеп ұжымы да, директор да мен сияқты шырылдап іздеді», - деді Күнту Шерханның анасы Тоғжан ҚАЛТАЕВА.
15 жасар Күнту Шерханды іздестіру жұмыстарына қалалық және Жетісу аудандық полиция бөлімшелері мен төтенше жағдайлар және білім бөлімдерінен барлығы 200-ге жуық маман жұмылдырылды. Қазір шарасыз отырған ата-ана мектеп пен үй арасын қайта-қайта қарап жатыр.
Тағы да қайталап айтамыз, Шерханның бойы 150 сантиметр, шашы қара, аяғында көк красовка, үстінде қара күртка, қолында қара түсті сөмкесі бар. Егер де қандай да бір ақпарат білсеңіз немесе экранда көріп отырған баланы бір жерден байқап қалсаңыз міндетті түрде 102 нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз.