«Үкімет өзінің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайды» - Асқар Мамин

Azh.kz
Azh.kz
Ел экономикасын тұрақтандыру үшін үкіметпен бірқатар шаралар кешенін қолға алу көзделген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үкімет отырысында бүгін Премьер-Министр Асқар Мамин осылай деді. Алқалы жиында әлемдегі экономикалық ахуалға қарай жоспар қаралды. Мұнай бағасының құлдырауы мен теңге бағамының құнсыздануына қарамастан, әлеуметтік төлемақының барлық түрлері уақытында төленеді деп сендірді Үкімет басшысы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Үкімет отырысында Қаржы министрі ел экономикасына кері әсерін тигізген факторларды жіпке тізіп, ең алдымен әлемді жаулап жатқан коронавирусқа тоқталды.

«Қытай халықтық республикасында өткен жылында пайда болған коронавирус эпидемиясының таралуы импортқа салынатын қосылатын құн салығының көлеміне теріс әсерін тигізуде. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың ақпан айында Қытайдан әкелінетін импорттың көлемі 19-жылдың ақпанымен салыстырғанда 11 процентке, ал физикалық көлемі 20 процентке төмендеді», - деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.

Осылайша аспан асты елінен келетін импорттық тауарлардың кедендік баждар мен салықтардың көлемі 12 пайызға, немесе 2,1 млрд теңгеге азайған. Оған қоса Қытайдан әкелінетін автокөлік құралдарының саны мен теміржол вагондары да қысқарған. Ел экономикасына сыртқы нарықта бағалардың төмендеуі де айтарлықтай әсерін тигізуде. Мәселен, мыстың бағасы 6, алюминий 5, мырыш 10, қорғасын 3 пайызға төмендеген. Ал наурыздың сегізінен тоғызына қараған түнінде мұнай бағасы барреліне 14 долларға дейін арзандаған. Бағаның осыншалықты құлдырауы 20 жылда алғаш рет орын алып отыр дейді сарапшылар. Сәйкесінше елімізде кеше доллар бағасы күрт қымбаттады. Ақша айырбастау нүктелерінде доллар 398, 400 теңгеге сатылып жатты. Бүгін де сол межеден төмендемей тұр.

«Осы жылдың 6 наурызында ОПЕК қатысушылары мұнай өндіруді қысқарту бойынша мәміленінің талаптарына келісе алмады. Ресей өндіруді төмендету ұсынысын қолдамады. Осыған байланысты Сауд Арабиясы осы жылғы 8 наурызда әлемнің барлық өңірлері үшін өз мұнайының бағасын төмендету және мұнай өндіруді тәулігіне ағымдағы 9,7 млн баррельден 12 млн баррельге дейін ұлғайтуға дайын екендігі туралы шешімін хабарлады. Бұл мұнайдың әлемдік бағаларын айтарлықтай төмендетуге алып келді. Ағымдағы жылы 9 наурызда Brent маркалы мұнай әлемдік нарықтарда бір баррель үшін 31-36,5 АҚШ доллары шеңберінде саудаланды, алдыңғы күнмен салыстырғанда төмендеу 30 пайыздан асты», - деді ҚР Ұлттық банктің төрағасы Ерболат ДОСАЕВ.

Үкімет отырысында қызу талқыға салынған бұл мәселеге қатысты Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев байбаламға салудың еш қажеті жоқ дегенді алға тартты. Бензин бағасы қымбаттамайды, жанар-жағармай қоры жеткілікті, барлық мұнай өңдеу зауыттары штатты түрде жұмыс істеп жатыр дегенді жеткізді министр.

«Бензиннің бағасы еркін айналымда. Сондықтан оны нарықтық шарттар реттейді. Қазақстан өзінің мұнай өндірісін қысқарта ма, ұлғайта ма деген сұраққа келер болсақ, өзіміздің бұл бағытта нақты жоспарларымыз бар. ОПЕК-тің ұстанымдары - бізге ұсыныс ретінде ғана келіп отыр. Ал қазіргі таңда бізде жоспарды өзгертетін ой жоқ», - деді ҚР Энергетика Министрі Нұрлан НОҒАЕВ.

Ел экономикасын тұрақтандыру үшін үкіметпен бірқатар шаралар кешенін қолға алу көзделген. Мәселен, отандық өндірушілердің үлесін ұлғайтып, тұрақтандыру қорларының тиімділігін арттыру, халықтың әл-ауқатын сақтау, зейнетақы мен жәрдемақыларды уақтылы төлеу.

«Самұрық-Қазына» қорына, басқарушы холдингтерге,бұрын қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, өздерінің валюта нарығындағы іс-қимылын Ұлттық банкпен келісуді тапсырамын. Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері бақылауды және тиісінше үйлестіруді қамтамасыз етсін. Ағымдағы міндеттемелерге қатысы жоқ шетелдік валютаны сатып алу операцияларын жүргізуге шектеу салынсын», - деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.

Биыл 4 миллионнан астам әлеуметтік төлем алушыларға 3 триллион 377 миллиард теңге қарастырылған. Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың сатып алу қабілетін сақтау мақсатында жыл басынан инфляция деңгейін ескере отырып, барлық әлеуметтік төлемдер 5 пайызға арттырылмақ. Оның ішінде зейнетақы 7 пайызға, яғни инфляциядан 2 пайызға ілгерілеп арттырылды.

«Ағымдағы жылы біздің жоспарымыз бойынша 735 мың адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Бағдарламада дағдарысқа ден қою бойынша қажетті шаралар көзделген. Олар: жұмыссыздарды қайта оқыту, жеңілдетілген несиелер және микробизнесті дамыту үшін гранттар беру, субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру. Осы шараларға жергілікті және республикалық бюджеттен 323 миллиард теңге көзделген», - деді ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.

Ел экономикасының тұрақты болса, үнемдеу арқылы қамтамасыз етілмек. Қымбат жиһаз, қызметтік көліктерді сатып алу мен имидждік шараларды өткізуді қысқарту көзделген. Барлық үнемделген қаражат әлеуметтік төлемдерге бағытталады.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан

Новости партнеров