Алматыда 300-ден аса адам отанына қызмет етуге ниет танытқан

08.04.2020 04:16

Бүгін шаhардың Наурызбай ауданында 35 ерікті дәрігерлік комиссиядан өтті

Almaty.tv

Қазақстан Президентінің қаулысын оқып, өз еркімен  арнайы әскери жиынға келушілердің саны артып келеді. Осынау сын сағатта, тек Алматының өзінде шақырту қағазын күтпей-ақ 300-ден аса адам отанына қызмет етуге ниет танытқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін шаhардың Наурызбай ауданында 35 ерікті дәрігерлік комиссиядан өтті.

Әскери бөлімшеге жиналғандардың барлығы өз еркімен келгендер. Айтуынша, бас қолбасшы қаулысын ести сала үйлерінде  үнсіз отыра алмаған. Қолдарына әскери билеттері мен басқа да тиісті құжаттарын алып аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге  жетіпті. Мұнда олар алдымен медициналық тексерістен өтеді. Тиісті нұсқаулық алған соң қызметке кіріспек.

«Әскери жиынға шақырылған, қызметте болып келген сержант, солдаттар және офицерлерді тексеруден өткізіп жатырмыз. Бүгінгі келгендердің дені 40-45 жастағы жігіттер. Қызметте болып келгендер. Солар қайта әскерге шақырылып, денсаулығына денсаулықтарына тексеру өткізіп жатырмыз», –  деді хирург Базарбай ӘБДІРАЙЫМОВ.

Ел басына күн туған сәтте әскери сапқа тұру – бағзы заманнан келе жатқан дәстүр десек, артық емес. Себебі тарихта мұндай сын сағаттар аз болған жоқ. Бүгінгі буын өкілдері де, қалыптасқан жағдайда халыққа қызмет етуді басты міндетіміз деп біледі.    

«Меніңше,  әрбір отан қорғаушы сарбаз, азамат болсын өзінің елін, жерін осындай қиын-қыстау кезеңде қорғауға, өзінің күшін салуға міндетті деп ойлаймын. Және экранның ар жағында мені көріп отырған замандас, достарым болса,  осындай кезде өзіміздің бірлігімізді көрсетеді деп ойлаймын», – деді әскер қатарына шақырылушы Мұрат НЕСІПБАЙ.  

Естеріңізге салсақ, ел Президентінің қаулысы бойынша әскери міндеттілер арнайы жиынға шақырылып жатыр. Олар блок-бекеттерде, патрульде, дезинфекия шараларына, күзетке және су тасқынына қарсы жұмыстарға ат салысатын болады.

Қуан Нұрақын, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы