2030 жылға қарай Алматы халқының саны 5 миллионға жетуі мүмкін

05.10.2019 04:24

Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қаржылық форумда айтты. Одан бөлек, алып шаһарды дамытуға инвестиция тартудың негізгі бағыттары туралы атап өтті. Шаһар басшысы креативті экономиканы Оңтүстік Корея және Францияның негізінде дамыту қажеттігін де алға тартты. Ол өз кезегінде алып шаһар мен тұрғындар әлеуетінің артуына серпін бермек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы бюджеті жарты триллион теңгені құрайды. Еліміз бойынша жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігін алып шаһар қамтамасыз етіп отыр. Республика бойынша салық төлейтін ірі компаниялардың үштен бірінің, 30-дан астам трансұлттық компаниялар мен банктердің бас офистерінің 86 пайызы, одан бөлек біріккен кәсіпорындар мен ірі халықаралық ұйымдардың 43 пайызы алып шаһарда шоғырланған. Қазіргі таңда Алматы экономикасы 36 миллиард долларды құрайтын Орта Азияның ең дамыған қаласы.

«Біз алдымызға жаһандық қала болудың және өмір сүру сапасы әрі экономикалық мүмкіндіктері жағынан 100 мегаполистер қатарына ену бойынша ұзақ мерзімді міндеттерді белгіліп отырмыз. Алматы халқы қала маңындағыларды қоса есептегенде қазірдің өзінде үш миллионға жақындап қалды, ал 2030 жылға қарай бес миллионға жетуі мүмкін», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Шаһар басшысы инвестицияны тарту «Жаңа Алматы» бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. 3 жылдық жоспарды іске асыру үшін 800 миллиард теңгеге жуық бюджет қаржысы мен жеке инвестиция қажет. Алматы әкімдігі «Астана» халықаралық қаржы орталығына қарасты инвестициялық қорымен тығыз қарым-қатынас орнатпақ. Ол арқылы қала билігі мемлекет қаржысынан тыс инвестиция тартып шағын және орта бизнес, көлік-логистика қызметі, туризм салаларын дамытуды көздеп отыр. Сонымен қатар, креативті экономикаға ерекше назар аудармақ.

«Алматыда мемлекеттік бюджет есебінен Индустриалды аймақта бірегей инфрақұрылым қалыптасты, сонымен қатар «Инновациялық технологиялар паркі» мен еркін экономикалық аймақтарда салық төлеу бойынша және басқа да жеңілдіктер қарастырылған», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Қазіргі таңда «Астана» халықаралық қаржы орталығында 26 елден 262 қатысушы тіркелген. Тұтынушылар құқын қорғау, бизнес үшін мүмкіндіктер мәселелерін талқылайтын алаң. Бұдан бөлек, халықаралық сотта инвесторларды қорғауға мүмкіндік беретін әлеуетті құқықтық орта қалыптасасатын болады.

Кеңес Одағы кеңістігі бойынша 2017 жылы Конституцияға өзгерістер енгізу арқылы жеке коммерциялық құқық, шартты құқық қағидаты мен нормасына негізделген ағылшын құқық ортасын енгізген жалғыз мемлекетпіз», - деді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат КЕЛІМБЕТОВ.

Халықаралық инвесторлар апталығы презентация және сессия форматында өтіп жатыр. Биыл бұл шара еліміздің 6 қаласын қамтыды.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы әлем бойынша құнды қағаздарды реттейтін 125 реттеуші органдарының басын біріктіреді. Осыдан 3 жыл бұрын халықаралық инвесторлар апталығын өткізіп отыру бойынша бастаманы көтерген. Бұл жерде олар білімдерін толықтырып, болашақта қандай жетістікке қол жеткізуге болатынын, қауіп-қатерлер кездесуі мүмкін екенін көрсетеді. Өткен жылы мұндай апталық еліміздің 7 қаласында ұйымдастырылған. Оған 3500 мың адам қатысты», - деді «астана» халықаралық қаржы орталығы қаржы қызметтерін реттеу комитеті бас директорының міндетін атқарушы Мұхтар БӨБЕЕВ.

Қаржыны басқаруды студенттер де үйрене алады. Мамандар тәлімгерлер мен оқытушылар үшін арнайы дәріс оқыды. Ол жерде қаржы қызметіндегі тұтынушыларды қорғау, жасыл және ислам облигацияларын шығару ерекшеліктері, бизнесті жүргізу тәсілдері үйретілді.

Перизат Көмекбайқызы, Мадина Исюмбаева, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы