Қайыңдыға тақтайдай тегіс жол қашан салынады

massaget.kz
massaget.kz
Бүгінде Кеген ауданында пайда болған 14 метрлік мұзтауды көргісі келетіндер аз емес
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысындағы табиғаты ерекше сұлу Қайыңдыға дейін сапалы жол салынбақ. Қазір атқа мінерлер сала мамандарымен бірлесіп, туризмді дамытудың басқа да тетіктерін қарастырып жатыр. Бұл жұмысқа табиғаттың өзі де септесті десек артық емес. Бүгінде Кеген ауданында пайда болған 14 метрлік мұзтауды көргісі келетіндер аз емес. Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов та керемет көріністі тамашалу үшін, демалыс күні сапарға аттанған еді.

Кеген республикалық маңызы бар жолдардың торабында орналасқан аудан. Мұнда бір-біріне мүлде ұқсамайтын Қайыңды, Көлсай, Шарын секілді табиғи орындарға туристер тарапынан сұраныс қашан да жоғары.  

«Былтырғы жылдың өзінде 90 мыңға жуық турист келсе, биыл пандемия кезінде 84 мың турист келді. Пандемияға қарамастан. Саты ауылының бергі жағында Қарабұлақ деген ауылымыз бар. Сол жерден PJ солвейшн деген үлкен компания жобалық құны 110 миллион теңге болатын кешенді салуды жоспарлап отыр», – деді Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов.


Соңғы уақытта әлеуметтік желіде видеосы тарап, кеңінен танымал болған Мұзтау да осында орналасқан. Сыртынан қараса жанартау оянып жатқандай көрініс беретін табиғи мүсіннің ішінде шын мәнінде бұлақ суы атқылап жатыр.  

Табиғаттың тосын сыйымен пайда болған мұзтаудың биіктігі 14 метрді құрайды.  Қазіргі таңда ғажайып құбылысты тамашалау үшін келетіндердің қатары күн санап артуда. Тіпті, өзге елдерден де қызығушылық танытып отырғандар бар екен. Сондықтан да мамандар алдағы уақытта бұл жерде туристік орындар ашу жоспарда бар екенін айтады.

«Мұзды жанартауға бірінші рет келіп тұрмын. Әдейі осы жерге әке-шешеммен бірге келдім. Өте ризамын», – деді турист Ақбота Бақдәулет.

«Біз Алматы қаласынан қайын келіндерімізбен бірге келдік. Біз қазақтар сыртқа барып демалғанша мынау қандай жақсы керемет. Ылғи осылай заманымыз тыныш болып жүре берейік», – деді турист Бұлбұлхан Арзықұлова.

Аудан басшылығы қысқы туризмді дамыту үшін инфрақұрылымға аса назар аударып отыр. Әсіресе, Қайыңды бағытындағы 12 шақырымдық жолды аяқтау үшін құны 2 миллиард 200 миллион теңгенің жобасын дайындап қойған.  

«Ұлттық паркте 7 туристік маршрут бар. Соның бірі осы – Көлсай. Екіншісі негізгі сұраныстағы Қайыңды. Одан бөлек тағы да маршруттарымыз бар. Алдағы уақытта Көлсайдағы маршрутымызды атпен және жаяу деп екіге бөлу жоспарымызда бар», – деді Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Сағыныш Әзімов.

Көлсай Алматы облысындағы ерекше сұранысқа ие орындардың бірі. Мұнда өсімдіктің 700-ден астам, жабайы аңдардың 40-қа жуық түрі бар. Жоба ұйымдастырушыларының негізгі мақсаты  Отандық туризмді кеңінен насихаттау.

Көрсе көзің тоймайтын осындай табиғат аясында елімізде сирек кездесетін қар барысы, сілеусін, қоңыр аю секілді қызыл кітапқа енген жабайы андар да мекен етеді. Сонымен қоса, мұнда күніне 200-ден астам турист келеді.

Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров