Тыныс-тіршілікке нәр берген ару көктем ардақты жандардың мерекесімен басталады
... Әйелдерді еркектерден көп дейді.
Ойбай, Ойбай!..
Бола берсін көп, мейлі!
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді.... Қыз, ана, жар, әже. Әйел затын жырына қоспаған ақын жоқ шығар, сірә?! Тіршіліктің тұтқасы болған аяулы жандар турасында құрметті көрермен, сіз қандай өлең білесіз? Ал, алда келе жатқан айтулы мерекемен қала тұрғындары қалай құттықтады? Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.
Тыныс-тіршілікке нәр берген ару көктем ардақты жандардың мерекесімен басталады. Әннің әуезі, поэзияның падишаһы болған әйел заты бұл күні ерекше ықыласқа бөленеді. Қоғамда, тарихымыз бен мәдениетімізде де зор үлесі бар нәзік жандардың әдебиеттегі маңызы қандай?
Талант Арынғали, ақын:
– Әйелдің бейнесінсіз, ананың оның ішінде, қыздың, жардың бейнесінсіз кез келген шығарма солғын шығуы мүмкін. Сондықтан енді барша аналарымызды, апаларымызды, қыз-қарындастарымызды мерейлі мерекемен құттықтай кетейін.
Аймалаған әрбір атқан таң жүзін,
Бірің – анам, бірің – апам, жалғызым,
Қарындасым, ал біреуің балдызым,
Жеңге, келін, еркетайым, жан қызым,
Аяулы жар, жарасқаным дәм-тұзым,
Құтты болсын сегізінші наурызың!
Бауыржан Әлқожа, ақын:
– Мұқағали ақын айтқандай, тіршіліктің күретамыры, өмір мен өмірді жалғастырып тұрған аналар аман болсын! Майлықожа бабамыз айтады ғой,
«Құйрық шайнап, май берген,
Құндақтап жерден жай берген.
Оның қылған қызметін
Күн менен жұлдыз, Ай көрген.
Анаңдай ғазиз, мейірбан
Табылар саған қай жерден», – дейді. Өмірімізге өң беріп жүрген қадірлі аналар, аяулы қыз-келіншектер мерекесі құтты болсын!
Шуағын шашқан шұғылалы көктемде бар тіршілік қайта жанданып, жаңа кейіпке енеді. Нәзікжандарға арналған құттықтаулар мен ақ тілектерге қала тұрғындары да қосылды.
«Аналарымыз аман жүрсін, ешқашан ауырмасын. Қазақстанның барша әйелдер қауымын мерекемен құттықтаймын!» – деді қала тұрғыны Данат Камалов.
Мерей Ерсінұлы, қала тұрғыны
– 8 наурыз аналар мерекесіне орай, 1 шумақ өлеңімді арнаймын.
«Анам мені дүниеге әкелген,
Ақ сүтімен нәр алып-ақ өсіп ем.
Балалықпен қанша тентек болсам да,
Мейіріммен бар кінәмді кешірген».
Ғасырлар тоғысында қазақ аналары тәрбие мен тағылымның бастауы, тіршіліктің тұтқасы болып келеді. Бүгінгі әйелдер қауымы қоғамның әр саласында белсенді еңбек етіп, ел дамуына айрықша үлес қосуда. Қалай болғанда да, қазақ әйелі, қазақ қызы бар сыйға, құрметке лайық екені сөзсіз.
Мадина Оқас, Мұрат Тайжанов, Рашид Шукуралиев, «Алматы » арнасы