Тұрғындар қалаға нақты қашан кіргізілетіні 28 маусым күні хабарланады
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баспасөз мәслихаты кезінде Арыстағы жағдай тұрақталып, қауіптің беті сейілгенін мәлімдеді, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда Арыс қаласындағы төтенше жағдай толық бақылауға алынды. Еліміздің Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар комитет, облыс әкімдігі, Ішкі істер департаментінің өкілдері Арыс қаласында ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Өрт толық сөндіріліп, көшелер мен үйлер тексеруден өткен.
«Арыс қаласына тұрғындарды апта соңында кіргіземіз. Уақытын нақты 28 маусым күні хабарлап айтамыз. Себебі, халықтың қауіпсіздігі үшін қаланы әлі де толық тазартуымыз қажет. Тұрғындарды қалаға кіргізу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінді. Осы секторларға облысымыздың 16 ауданынан 640 жауапты (1 аудан – 40 адам) азамат бекітілді», – деді Шөкеев.
Әкімнің айтуынша, тұрғындар үйіне оралған соң тұрғын-жайларға келтірілген шығындарды есептеу үшін фото-видеофиксация жасалады.
«Осы материалдар келтірілген шығындарды есептеуге көмек береді. Тұрғындарды үйлеріне орналастыру үшін облыстық полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, Төтенше жағдай департаменті мен құзырлы мекемелер үздіксіз қызмет көрсетеді. Арыс қаласы толық қалпына келеді. Алаңдайтын ештеңе жоқ. Мемлекет тарапынан арыстықтарға қолдау көрсетіледі. Бұл қиындықты да бірге еңсере аламыз», –деп түйіндеді өңір басшысы.