Елімізде жастардың даму индексі жасалатын болады
Елімізде жастардың даму индексі жасалатын болады. Бұл халықаралық тәжірибе әлемнің 170 елінде бар. Ол жастар саясатының дамуын бағалаудың индикаторы ретінде қолданылады. Мемлекет басшысы ұсынған жоба аясында қазір қандай жұмыстар жүргізілуде? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың материалында.
7-ші шақырылған Парламент мәжілісінің 1-ші сессиясын ашқан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Жастардың даму индексін енгізу туралы тапсырма берген болатын. Онда Мемлекет басшысы «жастар әлеуметтік қызметі» деген ұғымды заңнамалық деңгейде бекіту керектігін атап өткен еді.
«Депутаттар жастардың әлеуметтік қызметтері деген ұғымды заң жүзінде рәсімдеуі керек. Әлемдік тәжірибеге сәйкес Қазақстанда жастардың даму индексін енгізген жөн. Жергілікті атқару органдарының жастар саясатын жүзеге асыруға қатысты жұмысы соның негізінде бағаланады», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (15.01.2021).
27 жастағы Ердәулет Беков – медициналық зертхана саласының маманы. Алматылық жас жігіт диабетиктер үшін қандағы қант мөлшерін өлшейтін GlucoMed құрылғысын ойлап тапқан. Саусақты инновациялық білезікке апарсаңыз жеткілікті, әп-сәтте қант мөлшерін анықтап береді. Теңдесі жоқ бірегей жобаға шетелдік бірқатар фармацевтикалық компаниялар қызығушылық танытып, 200 мың долларға жуық инвестиция құйылды.
«Бұл идея маған 11-сыныпта оқып жүргенде келді. Осы өзекті мәселені шешкім келетін. Себебі кішкентай науқас балалар күніне 10-12 рет инвазивті әдіспен тексеріледі. Яғни, олардың саусақтарынан қан алу арқылы қант мөлшерін анықтайды. Бұл өте қиын», – деді продакт-менеджер Ердәулет Беков.
Шаһарда Ердәулет сияқты қабілетті жастар көп. Ал оларға қолдау көрсету үшін жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Жұмыссыз жастар осында келіп, стартап-жобаларды әзірлеу бойынша кеңес ала алады. Бүгінде осындай әлеуметтік алаңдар қаланың барлық 8 ауданында ашылған. Қазір орталық Президент ұсынған «Ұрпақтар сабақтастығы» бағыты бойынша жұмыс істеп жатыр.
«Тәуелсіздіктің ұрпақтары деген ол жалпы біздің жастарымыздың тәлім-тәрбиесін, сонымен қатар басқа да ата-бабамыздан келе жатқан ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру болап табылады. Яғни, ол өнерді қолдау, сонымен қатар спортты қолдау, мәдениетті қолдау, яғни үлкеннен алған тәлімді жастарға беру», – деді Жастар ресурстық орталығының бас маманы Жанар Арнаева.
Жастарды дамыту индексі негізгі 5 көрсеткіштен тұрады. Бұл – білім, денсаулық және бақ-береке, жұмысқа орналасу мен азаматтық борыш. Қазір Юнисеф тізімі бойынша Қазақстан 27-орында.
Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы