Алматы облысының тұрғыны әйелді зорлап, жайлауға қашып кеткен

20.06.2019 04:53

Күдікті полицияға ешқайда кетпеу туралы қолхат беріп, ізін суытқан

Алматы облысында әйелді зорлады деген күдікке ілінген 31 жастағы жігіт шалғайдағы жайлаудан табылды, деп хабарлайды Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сарқан ауданының тәртіп сақшылары ешқайда кетпеу туралы қолхат жазып беріп, ізін жасырған күдіктіні 2018 жылдың желтоқсанынан бері іздеген. Ер адамға Сарқан қаласында 35 жастағы келіншекті зорлады деген айып тағылыпты. Жәбірленуші әйел полицияға арыз берсе керек.

«Сотқа дейінгі тергеулер кезінде қолхат жазып берген күдікті қашып кетті. Жақында оның шалғайдағы жайлауда жасырынып жүргені анықталды. Кеше ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілген», – делінген хабарламада.

Ведомство атап өткендей, тергеу материалы сотқа жіберілді, үкім шыққанша күдікті уақытша ұстау абақтысында отырады.