Жаңа Конституцияның күшіне енуі медиа саласының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады
28 маусымда Қазақстанда журналистердің, редакторлардың, теле-радио саласы мамандарының, операторлардың, фотографтардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өзге де қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні атап өтіледі, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Осыған орай Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Министр өз құттықтауында қазіргі таңда ақпараттық кеңістіктің қарқынды өзгеріп жатқанын, әлеуметтік желілердің, жасанды интеллектінің, дипфейктердің және ақпарат ағынының артуы журналистерге жаңа талаптар қойып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар ол кәсіби журналистиканың басты құндылықтары – аудиторияның сенімі, қоғам алдындағы адалдық және жарияланған әрбір ақпаратқа деген жауапкершілік өзгермейтінін айтты.
Аида Балаева Мемлекет басшысының бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуінде айтқан «Қалам елді түзейді» деген сөзі журналист мамандығының қоғам алдындағы ерекше миссиясын айқындайтынын жеткізді. Оның айтуынша, журналистика қоғамды біріктіріп, маңызды өзгерістерді түсіндіруге, азаматтарға бағыт-бағдар беруге және елдің дамуына үлес қосуға қызмет етеді.
Министр жаңа Конституцияның күшіне енуі медиа саласының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заңда сөз бостандығы, азаматтардың шынайы ақпарат алу құқығы, дербес деректерді қорғау және ақпарат таратудағы жауапкершілікке қатысты маңызды қағидаттар бекітілген.
Аида Балаеваның айтуынша, конституциялық реформаның мәні мен мазмұнын халыққа түсіндіруде бұқаралық ақпарат құралдарының қосқан үлесі зор болды. Журналистердің кәсіби жұмысының арқасында азаматтар реформалардың мақсаты мен мазмұны туралы жан-жақты ақпарат алып, сараптамалық материалдар, пікірталастар мен тікелей эфирлер қоғамның ақпараттануына ықпал етті.
Министр бүгінде жалған ақпарат пен түрлі манипуляциялар кең тараған жағдайда кәсіби журналистиканың басты міндеті – қоғамды тексерілген ақпаратпен қамтамасыз ету, сапалы сараптама ұсыну және жауапты қоғамдық диалогты қалыптастыру екенін айтты.
Сонымен қатар Аида Балаева мемлекет тарапынан ақпарат саласы қызметкерлеріне көрсетіліп жатқан қолдау шараларына тоқталды. Оның айтуынша, соңғы үш жылда Астанада 200 журналист баспанамен қамтамасыз етілсе, биыл еліміздің барлық өңірінен, оның ішінде өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының 66 қызметкеріне пәтер кілті табысталады.
Құттықтау соңында министр бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне кәсібилігі, күнделікті еңбегі мен өз ісіне деген адалдығы үшін алғыс білдіріп, зор денсаулық, шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер мен отбасыларына амандық тіледі.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысының атынан Астанада бір топ БАҚ қызметкеріне пәтер берілді