Олардың әрқайсы өз дәуірінің үнін жеткізді
Бүгін, 28 қыркүйек – қазақ әдебиетінің заңғар тұлғалары – Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Оралхан Бөкейдің туған күні, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Egemen.kz-ке сілтеме жасап.
Бір күнде дүниеге келген үш қаламгердің шығармашылық жолы әр кезеңде қалыптасқанымен, үшеуін тоғыстыратын ортақ қасиет бар. Олар ұлт руханиятына адалдық, сөзге жауапкершілік және халық тағдырын көркем шығарма арқылы жеткізе білді.
1897 жылы осы күні Мұхтар Әуезов дүниеге келсе, 1932 жылы Шерхан Мұртаза, ал 1943 жылы Оралхан Бөкей туған. Бүгінде олардың әрқайсысының есімі қазақ әдебиетінің алтын қорына енді.
Мұхтар Әуезов – ұлт әдебиетін әлемге танытқан тұлға
Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте Семей өңіріндегі Шыңғыс болысында дүниеге келген. 1915 жылы Семей қалалық училищесін, 1919 жылы Семей мұғалімдер семинариясын, 1928 жылы Ленинград мемлекеттік университетін, 1930 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. Ол – жазушы, драматург, ғалым, қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің классигі.
Әуезовтің шығармашылық мұрасы сан қырлы. Ол әңгіме, повесть, роман, драма, ғылыми зерттеу жанрларында қалам тербеді. Оның алғашқы ірі драмалық шығармаларының бірі – «Еңлік-Кебек». Кейін «Қаракөз», «Айман-Шолпан», «Қара қыпшақ Қобыланды» секілді туындылары қазақ драматургиясының дамуына ықпал етті.
Алайда жазушы есімін әлемге танытқан ең басты туындысы – төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы. Шығармада қазақ қоғамының XIX ғасырдағы тыныс-тіршілігі, әлеуметтік қарым-қатынастар, дәстүр мен заман өзгерісі, Абайдың тұлғалық қалыптасуы кең суреттеледі.
«Абай жолы» Әуезовтің ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің биігін айқындаған шығармаға айналды. Жазушы бұл еңбегі үшін 1949 жылы бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлыққа, ал 1959 жылы «Абай жолы» роман-дилогиясы үшін Лениндік сыйлыққа ие болды.
Шерхан Мұртаза – шындықты ту еткен қаламгер
Шерхан Мұртаза 1932 жылы дүниеге келген. Қалам иесі жазушылықпен қатар журналистика саласында да жемісті еңбек етті. Қазақ баспасөзінің қалыптасуы мен дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер ретінде танылды.
Шерхан Мұртазаның шығармашылығында тарихи тұлғалар, қоғам шындығы, адам тағдыры мен ұлттық сана мәселелері кеңінен көрініс тапты. Оның «Қызыл жебе» роман-тетралогиясы қазақ әдебиетіндегі тарихи тақырыпты игерудің көрнекті үлгілерінің бірі болды.
Қаламгердің «Ай мен Айша» романы да оқырманның жүрегінен орын алды. Бұл шығармада автор өз дәуірінің ауыртпалығын, бала күнгі естеліктерін, ана бейнесін және адам тағдырын тебіреніспен суреттейді.
Шерхан Мұртаза 1980-1989 жылдары «Қазақ әдебиеті» әдеби газетінің бас редакторы болды. 1989 жылғы қарашада «Социалистiк Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетiнiң бас редакторлығына тағайындалып, мұнда 1992 жылдың қазанына дейiн еңбек еттi. Содан кейiн бiраз жыл «Қазақстан» телерадиокорпорациясын басқарды, бiрнеше рет Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты болып сайланды.
Оралхан Бөкей – Алтайдың көркем шежіресін жазған жазушы
Оралхан Бөкей 1943 жылы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Жазушының шығармашылық жолы туған өлкесімен тығыз байланысты болды.
Оралхан Бөкей – қазақ прозасына өзіндік өрнек, ерекше стиль әкелген қаламгер. Оның шығармаларында Алтай табиғаты, ауыл өмірі, адам мен табиғат арасындағы байланыс, жалғыздық, арман, махаббат пен тағдыр тақырыптары терең көрініс тапты.
Жазушы еңбек жолын аудандық газеттен бастап, кейін облыстық және республикалық басылымдарда қызмет етті. «Лениншіл жас», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» секілді басылымдарда еңбек етіп, журналистика мен әдебиетті қатар алып жүрді.
Оның «Қамшыгер», «Мұзтау», «Қайдасың, қасқа құлыным?», «Өз отыңды өшірме», «Атау кере», «Сайтан көпір» секілді шығармалары қазақ прозасының көрнекті туындыларына айналды.
Оралхан Бөкей шығармаларының басты ерекшелігінің бірі – адам жанын табиғатпен астастыра суреттеуі. Алтайдың асқақ тауы мен қатал табиғаты жазушы шығармаларында жай ғана көрініс емес, кейіпкерлердің ішкі әлемін ашатын көркемдік құрал ретінде танылады.
Оның кітаптары неміс, словак, болгар, ағылшын, мажар, араб, қытай, жапон тілдеріне, сондай-ақ бұрынғы КСРО құрамындағы республикалардың тілдеріне аударылып, жарық көрді.
Үш жазушы да өз дәуірінің үнін жеткізді. Сондықтан олардың шығармалары белгілі бір кезеңнің шежіресі болып қана қалмай, кейінгі ұрпаққа ой салатын рухани мұраға айналды.
Оқи отырыңыз: 2026 жылғы қазанда қазақстандықтар қалай демалады