35 рет пышақ сұққан: Нұрай Серікбайды өлтірді делінген күдікті сотта айыбын мойындамады

23.07.2026 21:13

Айыпталушы Нұрай Серікбайға бір күнде 76 рет қоңырау шалып, ізінен қалмапты

Өткен жолы кейінге қалған Нұрай Серікбайдың соты ақыры басталды. Тұмауратып қалған сотталушы бүгін процесске келді. Сот залында прокурор адам шошырлық қылмыстың қалай жасалғанын егжей-тегжейлі айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінгі сот отырысында түрлі сұмдықтың беті ашылды. Прокурор күдіктінің қылмысты жасауға алдын ала дайындалғанын, бойжеткенді бірге серуендеуден бас тартқаны үшін өлтіргенін айтты. Ең сорақысы, Шерхан Аймаханның жас қызға 35 рет пышақ сұққаны да белгілі болды. 

 «Күдікті Аймахан өзінің қасақана кісі өлтіруге бағытталған қылмыстық ойын соңына дейін жеткізу мақсатында қолындағы пышағымен қайта айналып, куә Беркінбаеваның көзінше жәбірленуші Серікбайдың жатқан жеріне келіп, оған жалпы 35 рет дене жарақатын салған. Оның 9 данасы шаншылып, кесіліп енген жарақаттар, 24 данасы шаншылып кесілген жарақаттар», – деді прокурор Мадияр Әбілқасымов. 

Күдікті жас қызға қайғылы оқиғаға дейін де тыныштық бермеген. Прокурор оны да егжей-тегжейлі баяндап берді. Айыпталушы Нұрай Серікбайға бір күнде 76 рет қоңырау шалып, ізінен қалмапты. Сондықтан да бойжеткен телефон нөмірін бірнеше рет ауыстыруға мәжбүр болған.

«Жәбірленуші серікбай онымен кездеуден бас тартқан. Оған қарамастан күдікті Аймахан сағат 22:50-ге дейін Серікбайды аңдыған. Бұл әрекеттері нәтиже бермегендіктен, күдікті Аймахан ол жерден кетіп қалған. Кейіннен жәбірленуші Серікбай 6727 абоненттк нөмірін 6737 абоненттік нөміріне ауыстырған», – деді прокурор Мадияр Әбілқасымов.

Алайда Шерхан Аймахан бұл айыптардың ешқайсысымен келіспейтінін айтты. Ол тіпті «прокурордың не айтып тұрғанын түсінбедім» деді. Сондай ақ айыпталушы тарап сот процесін бейнежазбаға түсіруге қарсылық танытты. Десе де, судья олардың бұл уәжін қабылдамады.

«Екі жақтың бір-біріне қарсы пікірде болғандықтан тікелей онлайн режимде жүргізуге рұқсат жоқ. Алайда қылмыстық процесстік кодекстің 29-бабына сәйкес ашық сот отырысы болғандықтан БАҚ құралдарына қай кезде қаласа да келіп түсіруге, жазуға, қатысуға мүмкіндік бар», – деді судья Саммидин Темірәлиев.

Еске салайық, қанды қылмыс 11 қаңтар күні болған. Кешқұрым Шымкенттің қақ ортасында 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен еді. Кейіннен күдіктінің бойжеткенді тірі кезінде алып қашқаны да белгілі болды. Қазір Шерхан Аймахан қыздың қыр соңынан қалмағаны, оны алып қашқаны және адам өлтіргені үшін айыпталып, сот алдында жауап беріп жатыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Есірткімен күрес: Атырауда биыл 500-ден астам рейд өткізілді