Құрылтай сайлауына арналған үгіт-насихат кезеңі басталды. Сайлауалды додаға саяси парталар тура бір сағат бұрын ресми түрде кірісті. Осыған байланысты Бас прокуратура үгіт талаптарын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Заңға сәйкес, партияға дауыс беруге үгіттеу құқығы Орталық сайлау комиссиясына алдын ала хабарлама берген бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-платформаларға ғана беріледі. Ал әкімдіктер барлық саяси партияға сайлаушылармен кездесу өткізу үшін тең жағдай жасауға міндетті. Заң талаптарын бұзғандарға 216 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Айта кетейік, ОСК 7 саяси партия ұсынған 546 кандидаттың тізімін тіркеген. Зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері Құрылтайға халықтың мұң-мұқтажы мен мүддесін ескеретін азаматтар мүше болуы тиіс дегенді алға тартып отыр.
«Құрылтайдың құрамына халықтың негізгі тілегі құқықтанушылар, қаржыгерлер, экономистер, кәсіби өлшемменен сондай мамандар іріктелсе екен деген халықтың үмітін ОСК естіді ғой деп ойлаймыз. Өйткені Құрылтайда заң шығаратын кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек деп есептейміз», – деді ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов.
«Құрылтайдың әрбір болашақтағы мүшесі – еліміздің мүддесі, болашағы үшін қызмет жасайтын тұлғалар. Өз ісін білетін, заңды білетін, халықтың негізгі құндылықтарын түсінетін тұлғаларды сайлап, өзінің қызметін адал атқаруға шақырайық. Сондықтан Құрылтайға, сайлауға баршамыз қатысып, азаматтық пікірімізді білдірейік», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Жәмеңкеев.
Оқи: Үлкен Алматы көлінің инфрақұрылымы қалай өзгереді