Туындыда Абай облысындағы табиғи резерватта болған орман өрті көрсетіледі
Алапат жалынмен бетпе-бет келіп, қызмет кезінде құрбан болып кеткен азаматтар жайлы картина көрермен назарына жол тартты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«38. Соңғы нүкте» фильмінде табиғатты қорғап, өзгелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында күн сайын өмірін қатерге тігетін жандардың тағдыры таспаланған
Кино желісі шынайы оқиғаларға негізделгенімен, кейіпкерлер мамандардың ойынан шығарылған. Туындыда Абай облысындағы табиғи резерватта болған орман өрті көрсетіледі. Сол кезде 60 мың гектардан аса орман алқабы қызыл жалынға оранып, өрттің таралуына тосқауыл болуға жұмылған орман шаруашылығының 15 қызметкері ерлікпен қаза тапқан. Көрермен дәл сол батырлардың шын мәнінде қандай қиындықты еңсеріп, жан пида болғанын «38. Соңғы нүкте» фильмін қарап, тамашалай алады.
Картина Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысына сай түсірілген. Жабық көрсетілімге орман шаруашылығында еңбек етіп, қауіп пен қатердің ортасында өмір сүріп жүрген мамандар да қатысты.
«Семей қаласында, яғни Абай облысында 2 айға жуық түсірілім болды, әрине, оңай болған жоқ. Неге? Өйткені, біріншіден іс-сапарлық түсірілім. Екіншіден, өрт сахналары өте көп. Бірақ жақсы мамандар жұмыс істеді. Өрт сахналарын түсіру барысында бірде-бір жасыл ағашқа зиян келтірілген жоқ. Бұл фильмге дейін Қазақстанда орман ішінде өрт сахналары ешқашан түсірілмеген», – деді фильмнің продюсері Нұржігіт Хайдар.
Оқи отырыңыз: «Алтын адам» табылған Аралтөбе қорғанында ашық аспан астындағы музей ашылды