45 жылдық қараңғылық: Тараздағы Дорожник жұрты жарыққа жарымай отыр

01.06.2026 21:57

Тұрғын үй алабына жарық жалғыз трансформатор арқылы беріледі

Тараз тұрғындары қалада тұрса да, жүйелі жарыққа жарымай отыр. Дорожник шағынауданының жұрты 45 жылдан бері электр қуатын зауыттан сатып алады. Көпшілік әбден тозған желінің салдарынан жарық жиі өшіп, тұрмыстық техника күйіп кететінін айтты, 

Өткен жылы қалаға қосылған 120 үйі бар шағынауданның электр желісінің тозығы жеткен. 1980 жылы Жаңа Жамбыл фосфор зауытынан жалғанған желілер әбден тозған. Тұрғындар үзілген токты өздері жалғап, жамап отырға мәжбүр. Ағаш бағандар әбден ескіріп, жел соғып жаңбыр жауса бірден жарық сөнеді. Тұрғындардың айтуынша, электр қуатының бағасына сапасы сай емес.

«Жарық жел тұрса, жаңбыр жауса өшіп қалады. Бір тәулік жарықсыз отырамыз.  Бүгін 2 рет өшіп, жанды, тек тұрмыстық қажеттілік үшін пайдаланамыз. Заңды тұлға ретінде ҚҚС қосып жатыр», – деді қала тұрғыны Күлімхан Ақылбекова.

Тұрғын үй алабына жарық жалғыз трансформатор арқылы беріледі. Оның өзі ескі, әрі қуаты 25 үйге ғана есептелген. Сондықтан мұндағы 100-ге жуық баспананы электр қуатымен қамтамасыз етуге «қуаты» жетпейді.

«Оқушылар мектепке таңертең барады. Қыста тас түнек қараңғы. Кешке кеш қайтады Желінің бәрі тозған», – деді қала тұрғыны Зүлфия Ташболатова.

Ал қала билігі мәселені биыл шешпек. Былтыр жоба жасап, биыл жергілікті бюджеттен 152 миллион теңге бөлінген.  

«Маусымның соңында жұмыс басталады. Жобаға сәйкес 120 абонентке элект желісін қамтамасыз ету және түнгі жарық шамдарын орнату, 3 дана трансформатор орнату керек. Дорожник елдімекенінің электр мәселесі биыл шешіледі», – деді ¤Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Тұрғын.

Былтыр Жамбыл облысынан Тараз қаласына Дорожник шағынауданынан өзге 15 елдімекен қосылған. Қала билігі ол аумақтардағы жарық мәселесін 2028 жылға дейін шешілетінін айтты.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Табыссыз қаламыз: Атырауда кәсіпкерлер облыс әкімінен көмек сұрады