Жауаптылардың айтуынша, дау тудырған дүңгіршектер теміржол вокзалының құрылысына кедергі келтіріп отыр
Атыраулық кәсіпкерлер табыссыз қалатын болдық деп алаңдап отыр. Олар теміржол вокзалы жанындағы дүңгіршектердің сүрілуіне қарсы. Шағын сауда нүктелері жұмысын тоқтатса, саудагерлердің күнкөрісі қиындамақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Теміржол вокзалы жанында тағам әзірлеп, күн көріп отырған бір топ кәсіпкердің саудасы тоқтауы мүмкін. Олардың атуынша, құрылысқа байланысты дүңгіршектерді сүру туралы хат берілген. Алайда кәсіпкерлер бұл шешіммен келіспей отыр.¤
«Үш айдан кейін алып тастаймыз деді. Бізді орнымызды қалдырсын. Қазір жөндеу жүріп жатқан жерден 6-8 емес, 20 метр арақашықтықта тұрмыз», – деді кәсіпкер Елена Үмбетәлиева.¤
Бар тапқан табысын кәсіпті дөңгелетуге салған саудагерлер облыс әкімінен көмек сұрайды. Олар «дүңгіршектер сүрілсе, кәсібіміз тоқтап, күнкөрісіміз қиындайды» деп отыр.
«Банктен несие алдық, 4-5 жыл төлейтін мерзімі бар. Салық төлейміз. Жұмыс жасап жатқан адамдар бар. Күнкөрісіміз қиындайды. Сондықтан басшылар тарапынан жағдайымызды елеусіз қалдырмай көмектесуін сұраймыз», – деді кәсіпкер Самал Әбдірова.
Ал жауаптылардың айтуынша, дау тудырған дүңгіршектер теміржол вокзалының құрылысына кедергі келтіріп отыр. Сондықтан аумақтағы қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін нүктелер сүрілуі керек екенін айтты..
«Ең бастысы қауіпсіздік. Адам өмірі. Мына жерде құрылыс жүріп жатыр. «Жұмыс жасауға кедергі туғызып жатыр» деген хат келген. Кран кіре алмай тұр. Оқыс жағдай болса, ешкім жауапкершілік алмайды. Вокзалда болашақта павильондар болады, конкурсқа қатысып орын алсын», – деді«Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ Атырау магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры Аралбай Қосымбаев.
Дегенмен, даулы дүңгіршектер үшін саудагерлерге өтемақы да берілмейді. Бұл жағдайдан кейін кішігірім кәсіп иелері облыс әкіміне хат жазды.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Жаза қызымды қайтармайды: әл-Фараби даңғылындағы атышулы істің сот отырысы өтті