Өнімдер нарықтағы бағадан 15-20 пайыз арзан ұсынылады
Түркістаннан Абай еліне керуен аттанды. 2 және 3 тамызда Семейде жәрмеңкеде өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түркістан даласының құт-берекесі – 540 тонна өнімді артқан керуен Абай еліне жолға шықты. Көшке ең көп үлес қосқан — Қазығұрттың еңбекқор диқандары. Бұл аудан 10 тоннадан аса өніммен жәрмеңкеге атсалыспақ. Тау бөктерінен теріп алынған бақша мен көкөніс өнімдері, табиғи таза тауарлар – бәрі де Семей жұртына арналып отыр.
«Картоп, қызанақ, қияр, жүзім, алма, қауын, қарбыз бар. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге өте қолайлы аудан болғаннан кейін, осы өнімдерді алып жолға шықтық», – деді Жаңабазар ауылдық округінің әкімі Асқар Ақжолов.
Түркістаннан тек ырыс емес — рухани сый да жол тартты. Себебі Семей төрінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды іс-шара өтпек. Бұл мерекеге тек дәні мен дәруін арқалаған шаруалар емес, киелі өңірдің күміс көмей әншілері мен дәстүрлі өнер шеберлері де ат басын бұрып отыр.
«194 тонна көкөніс, 81 тонна картоп, бақша дақылдары 70 тонна, ал 167 тонна әртүрлі қайта өңдеу кәсіпорындарынан алынған балық, басқа да дақылдарымыз бар. Ауыл шаруашылығы өнімдері Семей қаласының қонақтары мен тұрғындарына нарықтағы бағадан 15-20 пайыз арзан ұсынылады», – деді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ермұхаммед Құралбеков.
Түркістан – қазақ даласының ырысы төгілген, дәстүрі тұнған берекелі өлке. Өңірде ел аумағында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 14 пайыздан астамы өседі. Биыл көктемде егістік көлемі 900 мың гектарға жуықтап, былтырғымен салыстырғанда 17 мың гектар атрық. Бұл – диқандардың тынымсыз еңбегінің жемісі.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Ермек Көшербаев Абай ауданындағы мерейтойға дайындық барысын тексерді