Қазақстанда 6 қыркүйек мұнайшылар күні аталып өтуде

06.09.2026 09:47

Бұл мамандық жоғары жауапкершілікті, төзімділік пен кәсіби шеберлікті талап етеді

Depositphotos.com
6 қыркүйек – Қазақстан мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Мұнайшылар күні. Атаулы дата жыл сайын қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде атап өтіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұнай-газ саласы ел экономикасының маңызды бағыттарының бірі саналады. Қазақстанның энергетикалық әлеуетін айқындайтын ірі кен орындарында мыңдаған маман еңбек етіп келеді. Қашаған, Қарашығанақ пен Теңіз секілді алып жобалардан бастап, Маңғыстау мен Атыраудағы дәстүрлі мұнайлы өңірлерге дейін мұнайшылар тәулік бойы өндіріс үдерісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.

Қазақстандағы мұнай өндірісінің тарихы XIX ғасырдың соңынан бастау алады. 1899 жылы Маңғыстау түбегіндегі Қарашұңғылда алғашқы мұнай бұрқағы атқылап, елдегі мұнай өнеркәсібінің қалыптасуына жол ашылды. Кейін Ембі, Доссор, Мақат, Жетібай, Өзен сынды кен орындары игеріліп, Қазақстан ірі мұнай өндіруші өңірлердің біріне айналды. Бүгінде еліміз әлемдік мұнай нарығында өзіндік орны бар мемлекеттердің қатарында.

Мұнайшы мамандығы жоғары жауапкершілікті, төзімділік пен кәсіби шеберлікті талап етеді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, сала мамандары өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп келеді. Жер қойнауындағы мұнайды өндіру заманауи технологиялармен қатар, білікті мамандардың еңбегіне тікелей байланысты.

Сондықтан Мұнайшылар күні – мұнай-газ саласында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби шеберлігі мен қажырлы еңбегін атап өтетін маңызды күн.

Қазір салада өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, өндірістің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және энергетикалық тұрақтылықты сақтау мәселелеріне басымдық берілуде. Мұнай-газ кешенін дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру және жаңа технологияларды игеру – саланың негізгі бағыттарының бірі.

Оқи отырыңыз: Энрике Иглесиастың концертінен кейін Орталық стадион аумағы қоқыстан тазартылды

Толық көрсету