70-ке жуық тауық қырылып қалды: СҚО-да бұралқы иттер қаптап кетті

Мәселенің жалғыз шешімі – жануарларға арналған панажайды іске қосу

Жаңалықтармен бөлісіңіз

СҚО-да Бескөл ауылының тұрғындары қаңғыбас иттердің қаптап кеткеніне шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылының тұрғыны Галина Симоненко бір түнде еңбегінің еш кеткенін айтып налып отыр. Қаңғыбас иттер қоршауы бар қораға кіріп, торды бұзып, 70-ке жуық тауықты қырып кеткен.

«Торды жыртып кіріп, түгел жайпап кетті. Ешқандай шара қолданылмайды. Бұған дейін де осындай жағдай болған. Ол кезде фото-видео дәлел әкеліңдер деді. Түн ішінде кім жүгіріп, суретке түсірсін? Биыл да қайталанып отыр. Алдымен бізге кірді, артынша көршілердің де қорасына шапты», – деді Бескөл ауылының тұрғыны Галина Симоненко.

Бұралқы иттерден талай тұрғынның тірлігі тұралап, шаруашылығына зиян келген көрінеді. Төртаяқтылардың кесірінен Лейла Әлиеваның да қорасы бір-ақ күнде босап қалған.

«Екі күн бұрын болды. Үш ит келді. Біз үйрек пен қазды суға жібердік. Олар жайылып жүрген. Он минут өтті арада, біз шай ішуге кірдік, шықсақ, үйректер әр жерде жатыр. 23 үйрек қырылды, алтауы жараланды. 30 тауық, 40 балапан болған», – деді Бескөл ауылының тұрғыны Лейлә Әлиева.

Ауыл тұрғындары мал мен құсқа қаңғыған иттер шауып, шетінен қырып жатыр деп отыр. Ал аудандық ветеринарлық станса басшысы тексеріс жүргізген мамандардың басқадай пікір білдіргенін айтты.

«Ит деп кісілер шулап жатыр. Өлекселерді мамандар тексерді, иттің тырнағы не тісінің ізі жоқ. Малдың иелері қорасының терезелерін ашып, есігін жауып, дұрыстап отыруы керек», – деді Қызылжар аудандық ветеринарлық стансасының директоры Ербол Бәгенов.

Бескөлдің маңында қаңғыбас иттердің топтасып жүретіні рас. Мәселенің жалғыз шешімі – жануарларға арналған панажайды іске қосу. Оның құрылысына  арнайы жер телімі бөлінгенімен, шаруа әлі қолға алынбаған. Тұрғындардың осы істі тездетіп шешуін қалайды. 

Әйкерім Пернебек, Нұргүл Алина, Асар Ербұлан, СҚО

Оқи отырыңыз: Түрксіб ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

Новости партнеров