Алматы прокуратурасы интернет және телефон алаяқтығымен күресті күшейтіп, 6 миллионнан аса қоңырауға тосқауыл қойды. Ал күні кеше еліміздің Ішкі істер министрлігі шетелдегі 7, ел аумағындағы 6 колл-орталықтың жұмысын тоқтатты. Нәтижесінде 85 миллионнан аса жалған қоңыраудың алдын алуға мүмкіндік туды.
Айта кетейік, жаңа жылдан бастап абоненттік нөмірлерді рәсімдеу тәртібі өзгерді. Яғни, бұдан былай SIM-карталар биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана автоматты түрде қосылады. Сондай-ақ бір адамның атына бірнеше нөмір тіркеуге рұқсат етілмейді. Қауіпсіздік шараларын ұялы байланыс операторлары мен Ұлттық банктің Антифрод-орталығы бірлесіп атқарады.
Сонымен, SIM-бокстарды анықтау қалай іске асырылады?
Осы және өзге де сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты Әкімшілік-құқықтық жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Төлепбергенқызы жауап береді.
«Өткен жылдың 30 маусымында «Байланыс туралы» заңға байланыс операторларының ішкі антифрод жүйелерін міндетті түрде құруын және ауыспалы нөмірлерден жасалатын санкцияланбаған трафик пен күдікті нөмірлерден жасалатын қоңырауларды бұғаттауды көздейтін түзетулер енгізілді. Сондай-ақ ұялы байланыс операторларының Ұлттық Банктің Антифрод-орталығымен өзара іс-қимылы қарастырылды. Бұл ретте Ұлттық банктің Антифрод-орталығы өз функцияларын жүзеге асыру мақсатында абонент туралы толық ақпаратты — аты-жөні мен ЖСН деректерін алу үшін абоненттік құрылғылардың сәйкестендіру кодтары дерекқорымен және ұялы байланыс операторларының базаларымен интеграция жасады.
Байланыс операторлары алаяқтық белгілері бар нөмірлерді анықтаған жағдайда, бұл туралы Ұлттық Банктің Антифрод-орталығына міндетті түрде хабарлауға тиіс. Сонымен қатар Антифрод-орталықтан ақпарат түскен жағдайда да операторлар қағидаға сәйкес нөмірлерді бұғаттайды. Ал SIM-бокстарды анықтау технологиясы байланыс операторлары мен арнайы органдардың бірлескен, қоғамға жария етілмейтін жүйелері арқылы жүзеге асырылады».
– Биометрия енгізу байланыс операторларының жұмысына қандай өзгеріс әкеледі?
«Қазіргі таңда SIM-картаны рәсімдеу тек биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана мүмкін болады. Мұндай тәсіл телефон нөмірлерін жасырын пайдалануға жол бермейді, олардың заңды әрі жауапты қолданылуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар міндетті биометриялық сәйкестендіру SIM-карталардың делдалдар арқылы заңсыз сатылуы мәселесін шешуге көмектеседі. Нөмірдің қай жерде сатып алынғанына қарамастан, байланыс қызметі абонентке жеке басын биометрия арқылы растағаннан кейін ғана көрсетіледі».
– Бұл талаптар бизнес пен ұйымдар үшін қаншалықты қолайлы?
«SIM-картаны рәсімдеу тек биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана мүмкін болады. Бұл талап бизнес пен өзге де ұйымдарға да қолданылады. Себебі олар қызметтік мақсатта бірнеше SIM-картаны пайдалануы мүмкін, алайда олар да биометриялық сәйкестендіруден өтуі тиіс. Жалпы алғанда, бұл шаралар телекоммуникация саласында ашық әрі қауіпсіз ортаны қалыптастырып, азаматтарды қаржылық және цифрлық алаяқтардан қорғауға бағытталған».
Оқи отырыңыз: Барлық ақпараттық жүйелер жаңа деректерді өңдеу орталығына көшіріледі