Ахмет Жұбанов іргесін қалап, Жамбылдың есімі берілген қарашаңырақта ұлт руханиятында айрықша із қалдырған көптеген тұлғаларымыз өнер көрсетті
Өнердің өрісін кеңейтіп, ұлттық әуенді бүгінгі буынға насихаттап жүрген Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдығы кең ауқымда тойланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ғасырға жуық уақыт ішінде халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртуға, қазақтың ән-күйін әлемге танытуға зор үлес қосқан қарашаңырақ Алматыдағы Республика сарайында қазіргі және бұрынғы ұжымын, белгілі солистері мен беделді қонақтарын шақырып, гала-концерт қойды.
90 жылдан бері тарих түзген халықтық мұрамызға адал болып, классикалық заманауи музыка өнерінің де көшін сүйреп келе жатқан Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы – Алматының концерттік-сахналық мәдени ошағы. Ахмет Жұбанов іргесін қалап, Жамбылдың есімі берілген қарашаңырақта ұлт руханиятында айрықша із қалдырған көптеген тұлғаларымыз өнер көрсетті. Бүгінде «Академиялық» мәртебесін алған филармонияның 90 жылдығына мәдениет пен өнер майталмандары жиналып, іс-шараның мәртебесін айқындады.
«Нұр ағаның қолынан тәрбие алып, сол кісінің өнегесін алып, өзіміз ардагер дәрежесінде қатысып отырмыз. Бұл филармония дамып келеді. Шетелде, мемлекеттік деңгейдегі шаралардың бәрі – филармонияда өтеді. Бұл – қазақтың тұңғыш филармониясы», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов.
«Алар асуы әлі көп. Осы 1-2 жылда академиялық атақ алдық. Әлемге танымал болып жатыр ғой. Болашағы алда!» – деді «Отырар сазы» оркестрінің дирижері, ҚР еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегендіков.
Кеште филармония шежіресін, Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін сирек материалдар мен суреттер көрсетілді. Ал гала-концертте ұлттық және әлемдік классикалық музыканың таңдаулы шығармалары орындалып, еліміздің жетекші оркестрлері мен ансамбльдері бір сахнада бас қосты. «Отырар сазы», Мемлекеттік симфониялық оркестрлер, хор капелласы, гитаристер квинтеті, ішекті аспаптар квартеті және үрмелі оркестрлердің қатысуы өнер ордасының кәсіби деңгейін айшықтады. Оларға белгілі солистер мен домбырашылар және пианистер қосылып, кеш бағдарламасының ауқымын одан әрі кеңейте түсті.
«Біз мәдениет саласында ағартушылық қызметпен айналысып келеміз. Талай елде болдық, қай жерде өнер көрсетсек те, көрерменнің күлімдеген жүзі мен жақсы көңіл күйін көреміз. Филармонияның өскенін байқаймыз», – деді Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, бас дирижері Қанат Ахметов.
Гала-концерт филармонияның 90 жылдық еңбегін қорытындылап қана қоймай, ұлттық өнердің биік рухын паш етіп, қазақ классикалық музыкасының болашаққа қадам басқанын тағы бір дәлелдеген маңызды мәдени кешке айналды.
Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Хакатон: Алматыда халықаралық дода басталды