Аяғына пышақ сұққан: автобуста жолаушыны жарақаттаған ер адам қолға түсті

29.12.2025 14:19

Зардап шеккен жас жігітке медициналық көмек көрсетілді

Теміртау қаласында автобуста жас жігіттің аяғына пышақ сұғып алған ер адам қолға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қанды оқиға жайлы ақпарат әлеуметтік желілерге тарады. Қоғамдық көлікте екі жолаушы желдеткіш терезені ашу-ашпау туралы келісе алмай, жанжалдасып қалған. Текетірестің соңы төбелеске ұласқан көрінеді. Артынша ашуға мінген 30 жастағы азамат бозбаланы пышақпен жарақаттаған. Куәгерлер шұғыл полиция мен жедел жәрдем шақырыпты. Зардап шеккен жас жігітке медициналық көмек көрсетілді. Алдын ала мәлімет бойынша, оның өміріне қауіп жоқ. Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Алдын ала мәліметтерге сәйкес күдікті мен жәбірленуші арасында қоғамдық көліктің терезесін ашуға байланысты келіспеушілік болып, салдарынан пышақ жарақатын салған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау және толық тергеу әрекетін жүргізуге бағытталған тергеу амалдары жалғасуда», – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.   

Оқи отырыңыз: Алматыда пәтер ұрлық жасаған күдіктілер ұсталды