Кейбір аймақта тіпті төрт есе баға айырмашылығы байқалды
Жаңа жылда Аяз Ата мен Ақшақарды үйге шақыру қызметі кейбір өңірде қалтаны қағады. Баға алдын ала дайындалған бағдарламаға қарай әртүрлі. Кейбір аймақта тіпті төрт есе айырмашылық байқалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Қарбаласқа толы күндері ата-ана баласына ерекше көңіл-күй сыйлап, оларды жаңажылдық қуанышқа бөлейді. Сыйлықты ұсынудың жолы — Аяз Ата мен Ақшақарды шақыру. Бүгінде актер мен актриса үйіңізге келіп, балаңызбен сөйлесіп, оның дайындаған өлең шумақтарын тыңдап, қолына сыйлығын ұсынады. Қызметтің бұл түріне сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Соған сай бағасы да өзгерген.
Қымбаты Алматы қаласында тіркелді. Мегаполисте таңдау кең әрі сұранысқа сай түрлі бағдарлама да ұсынады. Аяз Ата мен Ақшақар үйіңізде 30 минут аялдасын десеңіз, 60 мың теңге төлейсіз. Ал корпоратив кеші мен басқосуға шақыру құны 100 мың теңге және одан жоғары. Баға киіміне, олардың сценарийі мен аниматорлардың кәсібилігіне тікелей байланысты.
Ал еліміздің оңтүстігінде бұл қызметтің бағасы одан төмен. Түркістан қаласында жарты сағаттық қызмет құны орта есеппен 35-40 мың теңге болып тұр. Аяз Ата мен Ақшақар өз бағдарламасын ұсынады, балаларға арнап ойын ұйымдастырады. Егер балаларды үйге жиып, әдемі кеш ұйымдастырса, мұндай қызметке 50 мың теңге және одан жоғары ақы сұрайды.
Астана қаласында қызметтің бұл түрі өте жақсы дамыған. Мұнда ондаған агенттік ұйымдастырумен айналысады. Соған сай баға да әртүрлі. Мәселен 5-10 минутттық құттықтау қызметі үшін 15 мың теңге төлеуге туралы келеді. Ал 30 минутқа шақталған бағдарлама ұсынса, қызметіне 25-45 мың теңге алады. Түрлі байқау ұйымдастырып, ойын ойнатады.
Қарағанды, Қонаев пен Жезқазғанда оршата баға — 30 мың теңге. Соның ішінде Қарағанды мен Жезқазғанда таңертең және күндіз шақырсаңыз, ақша үнемдеуге болады. Бұл кезде қысқа ғана құттықтау қызметінің құны 5 мың теңгеден басталып, түнде 15 мың теңгеге дейін көтеріледі. Ал 20-25 минуттық құттықтау қызметіне ойындар, түрлі конкурс пен сыйлық ұсыну қызметі кірсе, фотоға түссе шамамен 18-40 мың теңге сұрайды. Ал 30-31 желтоқсан күндері баға едәуір өседі. Қонаев қаласында да ұсыныс өте көп. Орташа баға осы тектес.
Атырау қаласында жаңажылдық бағдарлама бағасы қызметтің сапасына қарай өзгереді. Жергілікті агентттіктер толыққанды құттықтау қызметін 20-35 мың теңгеге бағалап отыр.
Өскемен қаласында баға 15-35 мың теңге аралығында. Ал 31 желтоқсан күні кешкілік және Жаңа жыл түні баға өсіп, 20 минуттық бағдарлама үшін 50 мың теңге алады.
Таразда баға Аяз Ата мен Ақшақарды сомдайтын адамға қарай өзгеріп отырады. Әртістер шағын ғана құттықтауға 5-10 мың теңге сұрайды. Ал аниматорлардың шоу бағдарламасы, әдемі әуен мен ойын-сауық қосылса, 15-30 мың теңге болады.
Талдықорғанда Аяз Ата мен Ақшақарды үйге шақыру қызметі 18 мың теңгеден басталып, 25 мың теңгеге дейін жетеді. Баға бағдарлама мен оның ұзақтығына қарай өзгеріп отырады.
Семей, Шымкент, Көкшетау мен Ақтөбеде орташа баға 20 мың теңге. Алайда баға айырмашылығы бұл қалаларда да байқалды. Шымкентте ұсыныс 10 мың теңгеден басталып, 30 мың теңгеге дейін жетеді. Бағаға сценарий, кейіпкерлердің саны мен қызмет көрсету ұзақтығы әсер етеді. Семейде орташа баға 10-30 мың теңге аралығында. Ақтөбе қаласында Аяз Ата мен Ақшақарды 20 мың теңгеге шақыруға болады. Ал бір топ бала болса 25-30 минуттық бағдарламаға 40 мың теңге алады. 31 желтоқсаннан кейін баға түседі. Көкшетау қаласында үйде құттықтау бағасы 15 мың теңгеден басталып, Жаңа жыл түні 17 мың және одан жоғары болады. Орташа баға шамамен 20 мың теңге.
Павлодарда 15-20 минуттық құттықтау бағдарламасының қызмет құны 10-28 мың теңге аралығында. Егер қаласаңыз Аяз Атаның өзін ғана шақырып, балаңызға сыйлық табыстай аласыз. Бұл қызмет құны 5 мың теңгеден басталады. Егер баға жоғары болса, кейіпкерлердің киім үлгісі өте әдемі және бағдарламасы қызықты деген сөз. Ал 30 және 31 желтоқсан күндері аралығында баға өсе түседі.
Орал, Қостанай, Ақтау мен Қызылордада баға орта есеппен 17,5 мың теңге болып тұр. Дегенмен әр қаланың өз ерекшелігі де бар. Мәселен Қызылордада Аяз Ата мен Ақшақар үйге келіп құттықтаса, ақысы 15-20 мың теңге. Оралда баға осы шамалас, тек Жаңа жыл түні 25-30 мың теңге болады. Ақтау қаласында қысқа ғана құттықтау қызметін 7 мың теңгеге де табасыз. Егер толыққанды құттықтау қажет болса, 10-25 мың теңге керек. Қостанай қаласында 10-15 минуттық құттықтау 6-7 мың теңге, ал 30 минуттық ойын бағдарламасы 12-16 мың теңге. Мұнда 15-20 мың теңгенің де құттықтау қызметі бар.
Елімізде қолжетімді ұсынысты Петропавл қаласынан табуға болады. Мұнда Аяз Ата мен Ақшақарды үйге шақырса, 10 500 — 14 500 теңге сұрайды. Ал Жаңа жыл түні 12,5 — 18,5 мың теңге аралығында болады. Жаңа жыл қарсаңында бұл қызметтің құны 10 мың теңге болып тұр.
Оқи отырыңыз: Отшашудан жарақат алып қалмас үшін нені ескеру керек – мамандар кеңесі