Абай облысында алты күн бұрын орманда жоғалып кеткен тұрғын іздестіріліп жатыр

31.07.2025 21:23

Іздеуге жалпы саны 120-дан астам адам жұмылдырылды

Абай облыстық ПД баспасөз қызметі

Абай облысында полиция жоғалып кеткен жергілікті тұрғынды іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 1968 жылы туған Байдүйсен Ардақ Сұлтанұлы ер адам 25 шілдеде Малая Актюба маңындағы орман алқабына шығып, содан бері қайта оралмаған. Қазіргі уақытқа дейін оның қайда екені белгісіз.

Полицияға хабар түскен сәттен бастап жедел-іздестіру іс-шаралары басталды. Іздеуге учаскелік инспекторлар, жедел қызметкерлер, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, кинологтар және туыстары жұмылдырылды.

31 шілдеден бастап іздестіру жұмыстарына ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшілері де тартылды.

«Жалпы саны 120-дан астам адам жұмылдырылған. Қиын жерлерде квадроциклдер мен дрондар, орман алқаптарын шолуға қызметтік иттер пайдаланылуда», - делінген хабарламада.

Іздестіру топтары орман ішін шеп құрып, 5 шақырымнан астам тереңдікке дейін жаяу тексеріп шығады. Батпақты және қалың орманды аумақтар қамтылуда. Іздеуге еріктілер де белсенді қатысуда.

Абай облысы Полиция департаменті іздеу жұмыстарына атсалысып жатқан барлық азаматтарға алғысын білдіре отырып, жоғалған адамның қайда болуы мүмкін екені туралы қандай да бір ақпарат болған жағдайда бірден «102» нөміріне хабар беруді сұрайды.

Оқи отырыңыз: Қарағандыда әйел адам жетінші қабаттан секіріп кетті