Қоғамдық тәртіп нығайып, тұрғындар арасындағы өзара түсіністік пен бірлік арта түсті
Абай облысы Аягөз ауданына қарасты 120-дан астам тұрғыны бар Қарағаш ауылында құқық бұзушылықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған "Арақсыз ауыл" бастамасы іске асырылуда, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған игі бастама учаскелік полиция инспекторы Ахметбек Медеттің профилактикалық жұмыстары барысында ұсынылып, ауыл тұрғындарының, әсіресе елге сыйлы ақсақалдардың кең қолдауына ие болды.
Аягөз ауданының әкімі Мадиар Байжұманов дүкен сөрелерінде алкоголь өнімдерінің мүлдем жоқ екенін атап өтті. Көптеген тұрғындар ішімдіктен мүлдем бас тартып, жұмысқа орналасқан. Жастардың өмірге деген оң көзқарасы қуантады – олар мүлде ішімдік ішпейді. Бастаманың оң нәтижесі де көрініс тапты: ауылда тұрмыстық жанжалдар, құқық бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғалары айтарлықтай азайды.
Қоғамдық тәртіп нығайып, тұрғындар арасындағы өзара түсіністік пен бірлік арта түсті.
Дереккөз: Polisia.kz
Оқи отырыңыз: Жасөспірімдер алкогольдік ішімдік ішкен: ата-аналарына қатысты тиісті шара қолданды