Бұл – биыл Қазақстандағы құтырмадан болған екінші өлім дерегі
Абай облысындағы аудандардың бірінде құтырма жұқтырған70 жастағы ер адам қайтыс болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі “Объектив. Восток” порталына сілтеме жасап.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, ер адам ит қауып алғаннан кейін сол күйі дәрігерге жүгінбей, екпе салдырмай жүре берген. Осы немқұрайлықтың соңы өлімге әкелген.
«Науқас ауруханаға құтырма дертіне тән клиникалық белгілері айқын байқалған кезде ғана жеткізілді. Ол кезде вирус орталық жүйке жүйесіне еніп, кері процесс басталып кеткен екен. Өкінішке қарай, оны аман алып қалу мүмкін болмады», — деді департамент басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева.
Мамандардың айтуынша, бұл – биыл Қазақстандағы құтырмадан болған екінші өлім дерегі. Екі жағдайда да зардап шеккендер алдын ала екпе салдырмаған.
Дәрігерлердің айтуынша, құтырма – өлімге әкелетін аса қауіпті инфекция. Алайда ит немесе басқа да жануар тістеп, тырнап алғанда, немесе сілекейі теріге тиген жағдайда дереу медициналық көмекке жүгініп, екпе салдырса, аурудың алдын алуға болады.
Санитариялық қызмет өкілдері үй жануарларын уақытылы вакцинациялау мен ауру жұқтыру қаупі жоғары ауылдық жерлердегі қаңғыбас ит-мысықтан аулақ болып, сақтану қажеттігін ескертті.
Оқи отырыңыз: Өлім аузында жатыр: 30 мың теңге қарызын сұраған азаматты досы соққыға жыққан