Өлім аузында жатыр: 30 мың теңге қарызын сұраған азаматты досы соққыға жыққан

Дәрігерлер соққы салдарынан науқастың өңеші мен ішкі ағзаларына қатты зақым келгенін растайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда қарызды қайтаруды талап еткен азамат ауруханадан бір-ақ шықты. Ауыр жарақат салдарынан оның өңеші жыртылып, ішкі ағзаларына зақым келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Даудың басы 30 мың теңге үшін басталған. Қарызын қайтаруға құрдасының үйіне барған Руслан Жолмағамбетовті досы өлімші етіп сабап, өңешін жыртып жіберген. Русланның әйелінің айтуынша, балаларымның көзіншеұрған. Қатты соққы алған атпалдай азамат  өлім аузында жатыр.

«Мен сасқанымнан балаларымды машинаға отырғыза алмай қалдым. Олар шырылдап жылағанда, жанымды қояр жер таппадым. Үлкен қызымның тырысқақ ауруы бар, кіші баламның жүрегі ауырады. «Солар ауырып қала ма?» деп машинаға отырғызып келгенше, жолдасымды аяусыз ұрып-соғып тастаған. Әрең арашалап алдым», – деді жәбірленушінің әйелі Анаргүл Муғзарова.

Өмірі қыл үстінде жатқан Руслан Жолмағамбетовтың туыстары құзырлы органнан араша сұрап отыр. Олар асқан қатыгездікпен ұрып, аяушылық танытпаған күдіктінің ең ауыр жаза арқалағанын қалайды.

«Өте қиын жағдай.  Амандығын тілейміз. Отыз мың теңге үшін ұрып тастап тұр. Олар жазасын алсын! Жолдасымды аса қатыгездікпен ұрған», – деді жәбірленушінің әйелі Анаргүл Муғзарова.

Ал дәрігерлер соққы салдарынан науқастың өңеші мен ішкі ағзаларына қатты зақым келгенін растайды. Тіпті пациент сауыққан күннің өзінде бұрынғы қалпына келуі екі талай.

«Бүгін операция жасалды. 1 сағат операция болды. Қазір арнайы аппаратпен дем алып жатыр. Жағдайы өте ауыр.  Хирургиялық ем жүргізілген болатын. Жыртылған өңешті қалыпқа келтіру мақсатында операциялық ем жүргізілді», – деді облыстық аурухананың анестезиолог-реаниматологі Дархан Жақсылықов

Туыстарының арызынан соң жергілікті полиция аталған іске қатысы бар 40 жастағы күдіктіні ұстады. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, арнайы сараптама тағайындалған.

«Жәбірленушіге қатысты сот медициналық сараптасы тағайындалды. Сараптама нәтижесіне сәйкес, процесуалдық шешім қабылданады. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды», – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Айта кетейік, жәбірленуші тарап істің сиырқұйымшақтанбай, кінәлі азаматтың тиісті жаза арқалағанын талап етеді. Олардың қазіргі басты мұраты – отағасының аман-есен қатарға қосылуы.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Ақтауда жасөспірім қыз із-түзсіз жоғалып кетті

Новости партнеров