Ол жаза ретінде бостандығын шектеуді сұрады
Абай облысында әйел адам заңсыз оқ-дәрі сақтағаны үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қару» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 50 жастағы жергілікті тұрғынның тұрғылықты жері бойынша шұғыл тінту жүргізді.
Тінту барысында әйелдің үйінен оқ-дәрілер табылып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Тергеу барысында 50 жастағы азаматша өз кінәсін толық мойындап, табылған оқ-дәрілердің марқұм әкесінен қалғанын түсіндірді. Сонымен қатар ол айыппұл төлеуге қаржылық мүмкіндігі жоқ екенін айтып, жаза ретінде бостандығын шектеуді сұрады. Сот шешімімен оған 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бұдан бөлек, жазаны өтеу кезеңінде ол жұмыссыз болған уақытында 50 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылатын болады», - делінген хабарламада.
Бұл оқиға қару мен оқ-дәрілерді сақтау ережелерін қатаң сақтау қажет екенін тағы бір мәрте еске салады.
Абай облысы Полиция департаменті заңсыз қару айналымына қарсы күресті жалғастыруда және мұндай құқықбұзушылықтар заң шеңберінде қатаң бақылауға алынып, жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
Оқи отырыңыз: Шерзаттың ісі: марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесіндегі жарақаттарға сараптама жасалды