Бүгін Абай облысында жаңа өрт ошақтары тіркелді. Бұл жолы тілсіз жау «Семей орманы» резерватының Пригородное орманшылығында шыққан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алдын ала мәлімет бойынша, қызыл жалынға найзағай себеп болған. Өрт Пригородное орманшылығының 55 және 65-орамында түскі сағат 15:00 шамасында анықталған. Әр ошақтың аумағы шамамен 2 гектарды құрайды. Қарағайлы орманында таралған өрттің қарқыны жоғары көрінеді. Өйткені оған «Қазавиаорманқорғау» тікұшағы, «Семей орманы» резерватының техникасы мен орман қызметкерлері, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері жұмылдырылыпты. Қосымша МИ-8 тікұшағы да тартылған. Қазір өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Айта кетейік, өткен аптада «Семей орманының» 370 гектарын шарпыған қызыл жалын сенбі күні толық оқшауланған еді.
Оқи отырыңыз: Алматының таулы аймақтарында өрттің алдын алу шарасы күшейтілді