Абай облысында су тасқыны қаупі бар учаскелер бақылауға алынды

02.12.2025 20:03

Облыс әкімі мониторингті күшейту және су тасқыны кезеңіне уақтылы дайындалу жөнінде тапсырмалар берді

Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Манарбек Шапағатовпен бірге жедел құтқару жасағының патрульдік катерімен Ертіс өзені бойымен Семей қаласындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерді бақылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аралау барысында алдағы жылдары жағалауды бекіту жұмыстары жоспарланған аумақтар (Бейбітшілік аралының маңы мен Бобровка ықшам ауданына жақын жерлер), шомылу маусымында халық жиналатын жабдықталмаған суға түсу орындары және ресми түрде жабдықталған жағажайлардың жағдайы назарға алынды.
Манарбек Шапағатов аймақ басшысына су айдындарындағы қазіргі жағдай, халықтың рұқсат етілмеген жерлерде шомылу фактілері, су тасқыны қаупі бар проблемалық учаскелер және жағажайларды ретке келтіру мен қауіпті аймақтардағы тәуекелдерді азайту бойынша қажетті шаралар туралы баяндады.
Облыс әкімі мониторингті күшейту және су тасқыны кезеңіне уақтылы дайындалу жөнінде тапсырмалар берді.

Оқи отырыңыз: Келер жылы ауыл шаруашылығында қандай жобалар іске асады