Тоқыма өнеркәсібі: Түркістан облысында ауқымды кластер құрылады

02.12.2025 20:23

Биыл аймақта 144 мың гектар жерге мақта егілген, жиын-терім толық аяқталды

Түркістан облысында мақта өсіруден бастап, киім дайындауға дейінгі кезеңдерді қамтитын ауқымды кластер құрылады. Жоба аймақтағы тоқыма өнеркәсібін жаңа деңгейге шығарып, экспорттық әлеуетті арттырмақ, деп хабарлайды  Almaty.tv.

Төрткөл ауылында орналасқан мақта зауыты таңнан кешке дейін тынымсыз. Тау болып үйілген ақ алтынды жұмысшылар тазалап, өңдеуге әзірлеп жатыр. Мұнда биыл 1100 гектарға мақта егілген. Қуаңшылыққа қарамастан гектарына 40–58 центнерге дейін өнім жиналды.

«Биыл Үкімет те, министрлік те жұмысты жіті бақылауда ұстады. Суды кезекпен берді. Соның арқасында жаман болған жоқ, жақсы өнім алдық. Тұқым, жанармай, дәрі-дәрмектер – бәрі жеңілдікпен, дер кезінде берілді», – деді серіктестік директоры Мейірхан Батырбеков.

Биыл қиындықты жетісайлық шаруалар да бастан кешкен. Өзбекстаннан келетін Достық каналы жылдағыдан 20 күн кеш қосылып, шаруалар түнде суға кезекке тұрған. Соған қарамастан, тынымсыз еңбектің нәтижесі жемісті болыпты.

 «Орта есеппен 30 центнерден алдық. Селитра уақытылы жеткізілді. Министр екі рет келіп жағдайды көрді, облыс әкімі жиі аралады. Сол қолдаудың арқасында өнімді дер кезінде жиып, зауыттарға тапсырып шықтық. Шығын ақталды», – деді шаруа Ералы Бекенов.

Биыл аймақта 144 мың гектар жерге мақта егілген, жиын-терім толық аяқталды. Енді жаңа кластердің құрылуы шаруашылықты заманауи технологиямен толық қайта жасақтауға жол ашпақ.

«Қайта өңдеп, дайын өнімді экспортқа шығару – басты міндет. Ауылшаруашылық өндірушілердің әлеуметтік экономикалық жағдайы жақсаратын болады, біріншіден. Екіншіден, бағаның тұрақты болуына әсерін тигізеді», – деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов.

Құны 200 млрд теңгеден асатын жоба Отырар мен Арыс аудандарында 60 мың гектарлық ірі мақта өсіру кешенін қалыптастырады. Нәтижесінде мың жарымға жуық тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Оқи отырыңыз: Келер жылы ауыл шаруашылығында қандай жобалар іске асады