Абай облысында заңсыз жұмыс істеген екі ағаш кесу цехының қызметі тоқтатылды

05.08.2026 21:45

Аталған кәсіпкерлік субъектілері тиісті рұқсат құжатынсыз  кәсіпкерлік қызметпен айналысқан

Almaty.tv

Абай облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жүргізген тексеру барысында су қорғау белдеуінің аумағында орналасқан және заңнама талаптарын бұза отырып қызметін жүзеге асырған екі ағаш өңдеу нысаны (ағаш кесу цехы) анықталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Аталған кәсіпкерлік субъектілері тиісті рұқсат құжатынсыз  кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.

"Анықталған заң бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес (тиісті рұқсатсыз (хабарламасыз) кәсіпкерлік қызметпен айналысу) әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оларға тиісінше 15 және 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды", — делінген хабарламада.

Өрт қаупі жоғары кезеңде ағаш кесу цехтарының жұмыс істеуі ерекше алаңдаушылық туғызады. Ағаш өңдеу нысандары ағаш қалдықтарының көп мөлшерде жиналуы, жанғыш материалдардың болуы және өрттің шығуына себеп болуы мүмкін жабдықтардың пайдаланылуына байланысты өрт қаупі жоғары объектілер санатына жатады.

Абай облысының прокуратурасы кәсіпкерлік субъектілерінің назарын табиғат қорғау, су және кәсіпкерлік саласындағы заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтаудың маңыздылығына аударады.

Мамандар осындай нысандарды пайдалану кезінде заңнама талаптарының бұзылуы өрттердің шығуына, қоршаған ортаға, су объектілеріне және орман қорына зиян келтіруге, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруге әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.

Оқи отырыңыз: Алматының жаңа электробустары қала келбетінің ажырамас бөлігіне айналды