Ауыр соққы салдарынан бірінші көліктегі ерлі-зайыпты тіл тартпай кеткен
Абай облысында жантүршігерлік жол апатынан 4 адам қаза тапты. Қайғылы оқиға Семей–Курчатов тасжолының Бөкенші ауылы маңында болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ауыр соққы салдарынан бірінші көліктегі ерлі-зайыпты тіл тартпай кеткен. Ал екінші көлікте Курчатовтағы №9 өрт сөндіру бөлімінің екі қызметкері болған. Олар шұғыл шақыртуға бара жатқан. Апаттың нақты себебі мен жүргізушілердің әрекеті қазір тергеліп жатыр.
«Семей–Курчатов тасжолының 35-шақырымында Chevrolet Nexia және Kia Rio маркалы екі автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Алдын ала мәліметтер бойынша, Chevrolet Nexia автокөлігінің жүргізушісі алдында келе жатқан «Газель» көлігін басып озу кезінде қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетіп, сол жерде Kia Rio автокөлігімен соқтығысқан», – деді Полиция департаменті Ақпараттық саясат басқармасының аға инспекторы Мирас Мақсұтов.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда әйел курьерлерге әлеуметтік қолдау көрсету тетігі енгізіледі