Адал азамат: еліміздегі білім беру ұйымдарында жаңа бағдарлама енгізілді

17.09.2025 14:30

Қарашада «мектеп – ата-ана – қоғам» ынтымақтастығын күшейтетін алғашқы республикалық форум өтпек

Еліміздегі барлық мектеп жаңа оқу жылынан бастап тәрбие жұмысын «Адал азамат» атты біртұтас бағдарлама аясында жүргізеді. Жаңа жүйе жекеменшік білім беру ұйымдарына да міндетті болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv

Бағдарламаның басты мақсаты – адал, еңбекқор әрі елжанды ұрпақ тәрбиелеу. Тәрбие жүйесі ұлттық құндылықтарға сүйеніп, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған. Білім саласының өкілдері нәтижесінде ел бойынша тәрбие жұмысы бірізді стандартпен жүзеге асып, барлық оқушы үшін тең орта қалыптасатынын айтты. Жоба халықаралық форумда қолдау тауып, оған Азия мен Еуропадан келген профессорлар жоғары баға берген.

 «Мүдделі мемлекеттік органдардың оқушылардың тәрбиесіне қатысты бастамалары бағдарламаға кіріктірілді. 14 орталық мемлекеттік органмен бірлескен жоспар әзірленді. Арнайы брендбукқа сәйкес мектептің ішкі безендірілуі қолға алынды. Бұл білім ортасын үшінші ұстаз ретінде қолдануға мүмкіндік береді», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов.

Сондай-ақ елімізде ата-аналар комитетінің жұмысы қайта жаңғыртылатыны хабарланды. Қазір бұл ұйымдарды трансформациялау процесі жүріп жатыр. Ал қараша айында «мектеп – ата-ана – қоғам» ынтымақтастығын күшейтетін жаңа алаң ретінде алғашқы республикалық форум өтпек.

Оқи отырыңыз: Оқушыларға арналған тегін медициналық қызметтер жарияланды