Адал азамат, жауапкершілік және жасампаздық: Президент айқындаған құндылықтар Алматы студенттерімен талқыланды

15.09.2026 17:49

Білімге, еңбекқорлыққа, отаншылдық пен бірлікке де ерекше назар аударылды

Almaty.tv

Алматыда студенттермен Мемлекет басшысы айқындаған негізгі құндылықтар – адалдық пен жауапкершілік, заңға құрмет, отаншылдық, еңбекқорлық, білімге ұмтылу, бірлік, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және жасампаздық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Диалог QyzPU Студенттік Құрылтайының «Адал ой. Жауапты әрекет. Ортақ мүдде» ұранымен өткен алғашқы отырысы аясында ұйымдастырылды.

Кездесуге Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басшылығы және студенттер қатысты. Негізгі тақырып – Президент айқындаған құндылықтарды жастардың күнделікті өмірінде іс жүзінде қолдану болды.

Қатысушылар «Адал азамат» қағидатын өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау, оқу мен еңбекке адал болу, міндеттемелерді орындау және қоғамға пайда келтіруге дайын болу тұрғысынан талқылады. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында заңды, өзге адамдардың құқықтарын құрметтеу және қоғам қауіпсіздігіне әр адамның жеке үлесі туралы сөз болды.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек атап өткендей, бұл құндылықтардың нақты іс-әрекетке бағдар болуы маңызды.

«Жауапты азамат қарапайым нәрселерден басталады: адал оқу және еңбек ету, заң мен айналадағы адамдарды құрметтеу, өз міндеттемелерін орындау және өз қаласына ұқыпты қарау. Біреудің біздің орнымызға мәселені шешуін күтпей, “Мен нақты не істей аламын?” деген сұрақты өзімізге қою маңызды. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен біз жастар үшін олардың бастамалары іс жүзінде жалғасын тауып, осы құндылықтар сөзден нақты іске айналуы үшін мүмкіндіктер жасап жатырмыз», – деді Азиз Кажденбек.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбітгүл Кәрімова студенттердің қоғамдық өмірге қатысуының маңызын атап өтті:

«Бүгінгі студент – жай ғана болашақ маман емес, елдің қоғамдық дамуына өз үлесін қосатын азамат. Сондықтан біз үшін әр студенттің пікірі мен ұсынысы маңызды. “Студенттік Құрылтай – 2026” алаңы жастардың үнін естуге, өзекті мәселелерді ашық талқылауға және студенттік бастамаларды қолдауға мүмкіндік беретін маңызды диалог кеңістігіне айналады деп сенемін».

Білімге, еңбекқорлыққа, отаншылдық пен бірлікке де ерекше назар аударылды. Қатысушылар елге деген сүйіспеншілік ең алдымен іс-әрекеттен – сапалы еңбектен, үздіксіз дамудан, өз қаласына қамқорлық жасаудан және қоғамға пайда келтіруге дайын болудан көрінетінін атап өтті.

Бұл қағидаттардың практикалық көрінісі ретінде Алматыдағы жастар жобалары – YOUTH NOMADS, Jas Gala шығармашылық фестивалі, ALMA CUP 2026 спорттық турнирі, «Жасыл ел» және басқа да бастамалар жүзеге асырылып жатыр.

Жастардың тікелей қатысу тетіктерінің бірі – Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы іске қосқан «Жастар қатысатын бюджет» жобасы. Жас алматылықтар білім, технология, экология, кәсіпкерлік және қоғамдық даму салаларында жобаларын өздері ұсынып, ең сұранысқа ие бастамаларды дауыс беру арқылы анықтайды. Бір жобаны қаржыландыру көлемі 500 мыңнан 5 млн теңгеге дейін, бағдарламаның жалпы бюджеті – 90 млн теңге.

Осы тәсілдің жалғасы ретінде QyzPU Студенттік Құрылтайы құрылды. Бұл – студенттер өзекті мәселелерді ашық талқылап, шешімдер ұсынып, өз идеяларын нақты жобаларға айналдыра алатын алаң.

Мұндай диалогтың басты қағидаты қарапайым: құндылықтар іс-әрекеттен көрінгенде ғана мәнге ие болады. Адал оқу және еңбек ету, заңды құрметтеу, даму, жауапкершілікті өз мойнына алу, өз қаласы мен еліне пайда келтіру – заманауи «Адал азамат» бейнесі осыдан қалыптасады.

Оқи отырыңыз: Сыр елінде қос дипломды мамандар даярланады

Толық көрсету