Адалдық, ашықтық және әділдік: Сарапшылар Президент Жолдауының басты бағдарын бағалады
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Адал азамат» қағидатына да ерекше тоқталды
«Айрықша маңызды металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында металлургия саласын дамытуға қатысты осындай міндет қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемлекет басшысы әлемдік нарықта стратегиялық шикізатқа сұраныс артып отырғанын атап өтіп, еліміздің табиғи байлығын ұтымды игеруге басымдық беруді тапсырды. Ол үшін геологиялық барлау жұмыстарын заманауи технологиялармен жүргізіп, жаңа кен орындарын игеруге жеке инвестиция тарту қажет. Ал сарапшылар бұл бастамаларды қолдап, стратегиялық металдар қорын тиімді басқару отандық өнеркәсіптің өрісін кеңейтіп, ел экономикасының әлеуетін арттыруға ықпал ететінін айтады.
"Президентіміздің тау кен саласында, сонымен бірге геологиялық барлау саласында көтерген проблемалары біздерге өте жақын. Осы салада университетте кадр дайындап жатыр. Сол бойынша инженерлік иновациялық орталықтар құрылған. Яғни осы ғылым, білім саласында кадрлар Президентіміздің Жолдауында көтерілген, проблемаларға ұсыныстарын бере алады", - деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры Сейітхан Азатұлы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Адал азамат» қағидатына да ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, елдің дамуы тек экономикалық жетістіктермен өлшенбейді, қоғамда адалдық, еңбекқорлық пен жауапкершілік құндылықтары орнығуы тиіс. Сондықтан сарапшылар заңға құрмет пен елге деген жанашырлық әр азаматтың күнделікті ісінен көрініс табуы қажет екенін айтады.
"Жолдаудың негізгі преамбуласы, негізгі тұтас айтылған идеялардың қалыптастырушы ортақ күш бұл – адалдық, ашықтық және әділдік. Үш тұжырым бойынша анықтайтын болса, әр жоба өз алдына маңызды мәселелерді шешуге бағытталғанымен, оларды біріктіретін ортақ идея болмаса, олар негізсіз болады. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдаудың қортындысын негізгі бағдарымыз деп, идеямыздың қай бағытқа дамып жатқандығын айқын көрсетті деп ойлаймын", - деді «Тұран» университеті халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің директоры Нұрболат Нышанбай.
Оқи отырңыз: Ерлан Қарин Президент Жолдауын іске асырудың үш негізгі міндетін атады