Шымкенттегі қос егізі бар отбасында үшем дүниеге келді
36 жастағы әйел 10 баланың анасы атанды
Шымкентте бұған дейін екі рет егіз босанған әйел үшемді дүниеге әкеліп, 10 баланың анасы атанды. Осы жолы отбасында екі қыз бен бір ұл дүниеге келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үшем 17 қыркүйекте Шымкент қалалық перинаталдық орталығында дүниеге келген. Сәбилердің екеуі — қыз, біреуі — ұл. Туған кездегі салмақтары 1740, 1482 және 1730 грамм болған. Ата-анасы оларға Альсия, Сафия және Аймұхаммед есімдерін берген.
Шала туған нәрестелер алғашқы күндері жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөлімінде ем қабылдады. Кейін арнайы күтім бөліміне ауыстырылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Мамандардың уақытылы көрсеткен медициналық көмегінің нәтижесінде сәбилердің жағдайы жақсарып, салмақтары біртіндеп артқан.
"Қазіргі уақытта үшемнің жағдайы қанағаттанарлық. Салмақтары екі келіден асқан нәрестелер медициналық көрсеткіштерге сәйкес үйіне шығарылуға дайындалып жатыр", — деп хабарлады Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы.
Үшем дүниеге келгенге дейін отбасында жеті бала тәрбиеленіп келген. Жаңа туған сәбилермен бірге отбасындағы бала саны 10-ға жетіп отыр. Анасы Ажар үй шаруасымен айналысады, ал әкесі Тұрар — жеке кәсіпкер.
Оқи отырыңыз: Орман қоры және өркениет: ШҚО-да мәселелер қалай шешіліп жатыр